astana-view

Еңбекпен жеткен жетістіктер

2016 жылғы 15 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
9417 просмотров

Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды

Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады.

«Осыған дейін ата-бабамыз төккен қан мен тер символы ретінде біз 25 жыл бұрын аспанымызда көк туымызды желбіреттік. Тәуелсіз мемлекет –Қазақстанды бүкіл әлем мойындады. Туған тіліміздің тұғыры биіктеп, ұлттық валютамыз – теңге айналымға шығарылды. Елтаңбамыз егеменді еліміздің символына айналды. Көк аспанда байрағымыз желбіреп, мемлекет гимні ойнай бастады. Бүгінгі таңда еліміз өркениетті қоғам құрып, демократияның іргесіне айналды. Бірлік пен татулықта ғұмыр кешіп отырған Сыр елі тәуелсіздіктің ақ жолымен жүріп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өңір беделі артып, дамудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Бұл тәуелсіздіктің берген сыйы, мықты мемлекетке қол жеткізуіміздің нышаны. Бүгінде айтулы мереке қарсаңында Палата қабырғасында кездесу ұйымдастыруды жөн санадық», – деді Г.Жақсылықов.

Ол сонымен бірге Палатаның биылғы жылы жеткен жетістіктеріне де тоқталды. Мысалы, қалалар мен аудандардағы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының жұмысының арқасында, сонымен бірге Кәсіпкерлерді қолдау орталығының көмегімен 5068 азаматқа 11249 кеңес берілген, 1584 кәсіпкерге 1584 қызмет көрсетілген. Ал өңір бойынша 1007 қызылордалық тұрғын «Бизнес-Кеңесші» курсынан өтіп, 120 азамат «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша білім алды. Сондай-ақ, 65 азамат «Жобалық оқыту» бағдарламасы бойынша оқыды. Нәтижесінде жалпы сомасы 888,7 млн теңгені құрайтын 186 жоба қаржыландырылған.

Кәсіпкерлер палатасы жанынан Бухгалтерлер клубы, Заңгерлер клубы ашылды. Сондай-ақ, аудандар мен Қызылорда қаласынан Прокурор кабинеттері ашылған.

Өткен жыл ішінде 150-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, бизнес өкілдерінің 125 млн теңгесі үнемделді. Сондай-ақ, Палата заңгерлері 50-ден астам сот отырыстарына қатысып, нәтижесінде сот процесстерінің 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.

Биыл ауылшаруашылық кооперативтерін құру жөніндегі іс-шаралар да белсенді түрде жүзеге асырылды. Бұл тұста Палата қызметкерлерінің  рөлі зор болды. Құрылған 114 кооперативтің 11-і Палатаның мұрындық болуымен ашылған.

Биыл ауылшаруашылық саласы мамандарының біліктілігін арттыру мәселелеріне үлкен мән берілді. ҰКП Агробіліктілік орталығымен бірлесе отырып 33 оқу семинары өткізілді. Бұл шараға шетелден мамандар тартылды.

«Сонымен, біз өткен жылды қорытындылап жатырмыз. Менің ойымша, барлық жетістіктер – бұл біз бен сіздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Бүгін біз сіздерге осындай өнімді жұмыс жасағандарыңыз үшін алғыс айтамыз», – деді ӨКП басшысы.

Бұдан кейін өңір кәсіпкерлігі саласында еңбек ету арқылы облыс экономикасын ғана емес, сондай-ақ мемлекет экономикасын дамытуға да үлес қосқан жандар марапатталды.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік органдар өкілдері мен ақпарат таратумен айналысқан бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі де елеп-ескерілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер