astana-view

Ләззат Шыңғысбаева: «Ауыл кәсіпкерлеріне қолдауды күшейтуіміз керек»

2017 жылғы 04 Қаңтар
- Жетісу облысы
10859 просмотров

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының 2016 жылғы қорытынды жұмыстарының бірі аудандық және қалалық ӨКП жанындағы Кәсіпкерлер кеңестерінің құрылуы болды. Олардың құрамына ауылдар мен округтардың танымал бизнесмендері кірді. Кеңестің басты мақсаты – ауыл кәсіпкерлерінің рөлі мен белсенділігін арттыру. 2017 жылы ӨКП-ның осы бағыттағы жұмысы жалғасын таппақ.

Бұл туралы, сондай-ақ басқа да қорытындылар мен биылғы жылдың жоспарлары туралы толығырақ Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева айтып берді.

– Ләззат Алтынбекқызы, жалпы 2016 жыл Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы мен өңір кәсіпкерлері үшін қандай болғанын айтып берсеңіз?

– Біздің филиал үшін әрбір жылдың өзіндік ерекшелігі бар. 2016 жыл нәтижелі, жемісті болды. Кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер саны артты, бұл, әрине, бізді қуантады. Бұл дегеніміз, бизнестің бізге деген сенімі ақырындап артып жатыр деген сөз. Екінші жағынан, бизнесте әлі де күрделі,  шешілмеген мәселелердің көп екенінің белгісі.  

Даму институттарының, қолдау құралдарының жұмыс жасап жатқанына қарамастан, кейбір органдар осы сектордағы бірқатар проблемалардың себепкері болып отыр. Мәселе адам факторына ғана емес, сонымен қатар заңдағы кедергілерге де тіреліп тұр. Осы кедергілерді жою керек. Десе де, отандық бизнес ішкі нарықтық және сыртқы экономикалық өзгерістерге қарамастан жігері құм болған жоқ, керісінше дамудың жаңа жолдарын тауып, өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бәлкім кәсіпкерлік қызметтің бір ерекшелігі де осында шығар.

2013 жылдың аяғы мен 2014 жылдың басында бізге өте қиын болды. Палата туралы айтып қана қоймай, өзіміздің жұмысымызды дәлелдеуге де тура келді. Үш жылдан соң, жұмысымыз жеңілдей бастады. Өйткені «Атамекенді» қазір бәрі біледі. Бұл тұста Ұлттық палата басшылығының еңбегі зор. Қазіргі таңда Палатаға өтініш айтып келгендер біз көрсететін көмек пен қолдауға көңілдері толып қайтады. Расында, басты жетістік – алғысқа ие болу шығар.

– Палатаның жұмыс нәтижелерін санмен өрнектеп берсеңіз?  

– Биыл  кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша 319 өтініш тіркелген, олардың 70%-ы кәсіпкерлер пайдасына шешіліп, олардың жалпы құны 744 млн теңгеден астам құқығы қорғалды.

Бар болғаны үш жылда біз кәсіпкерлердің 1 млрд теңгеден астам құқықтары мен мүдделерін қорғадық. Палата сарапшылары 155 сот дауына қатысты, оның ішінде 108 шешім бизнестің пайдасына шешілді. Мысал үшін, 2016 жылы біз екі құс фабрикасының мүддесін қорғап, оларды 30 миллион теңгелік айыппұлдан арашалап алдық. Монополияға қарсы орган оларды баға белгілеуде сыбайластыққа барды деп кінәлаған болатын. Бір қызығы, осы іс бойынша екі аудандық сот екі түрлі шешім шығарған. Бірінші инстанция сотынан қолдау таппадық, бірақ біз Жоғарғы сотқа дейін барып, мемлекеттік орган қызметінің заңсыз екенін дәлелдедік.

Сонымен қатар, Палата, кәсіпкерге заңсыз өндіріп алынған жер телімін қайтаруға көмектесті. Жергілікті әкімшілік құқықбұзушылыққа жол беріп, жалпы ауданы 769 гектар болатын жер телімін иеленіп алған, тіпті басқа бір тұлғаға сатып та үлгерген. Палата мен прокуратураның араласуынан кейін кәсіпкер өз құқығын қалпына келтірді.

Осындай мәселелерді шешуде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Өңірлік кеңестің рөлі зор.

Палата үшін маңызды жобалардың бірі Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы болып саналады. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 22 инвестициялық жоба ұсынылды. Панфилов ауданында, өңірде бұрын соңды болмаған, балық өнімдерін қайта даярлау жөніндегі зауыт құрылысын қаржыландыруға қол жеткіздік. Сондай-ақ Талдықорғандағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын және Жамбыл ауданындағы этно-мейрамхананың құрылысын қаржыландырдық. Біздің инвестициялық жобаларымыз Бейжің және Чанша қалаларында өткен 8-ші инвестициялық жобалар жәрмеңкесі мен 10-шы мерейтойлық «Чанша-ЕО 2016» инвестициялық форумында көрсетілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында өңірлік карта жобалары «Made in Kazakhstan» Қазақстан Республикасының тауар өндірушілері жәрмеңкесінің және Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жобаларының инвестициялық жәрмеңкесінің қатысушысы атанды.

2016 жылғы пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС) мөлшерлемесінің жоғары болуы өзекті проблема болғанын атап өткім келеді. Бұған дейін заңдағы өзгерістерге байланысты жерасты суларына төленетін ПҚӨС құны өсіп, бір шаршы метрге 1 АЕК құрады. Алайда бұл соманы төлеу демалыс орындары үшін қиынға соқты. Кәсіпкерлер ондаған миллионға артық салық төлеуге мәжбүр болды. Бұл кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Сондықтан біз бекітілген ПҚӨС құнының 0,3-0,6 пайызын ғана қолдану туралы ұсыныс жасадық. Осыдан кейін Салық кодексіне өзгертулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысында Мәжіліс депутаттары шипажайлар үшін төмендетілген ПҚӨС мөлшерлемесін бекіту жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Бұл да былтырғы жылдың бір жетістігі.

– Алматы облысы аграрлық өңір, мұнда ауыл шаруашылығымен 47 мыңнан аса шаруа айналысады. 2016 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қандай жағдай  жасалды?

– Фермерлердің өнімдерін сатып өткізу үшін, біз былтыр оларды ұсақ сауда-саттықты жойып, оның орнына кооператив құруға шақырдық. Біз егіс алқаптарына үздіксіз барып, шаруа қожалықтарымен кездесіп тұрдық.  Кооператив құрудың пайдасын түсіндірдік. Шынын айтайын, оңай болған жоқ, өйткені адамдар бұрынғы кеңестік кооперативтер туралы теріс пікірлерден арыла қоймаған. Алайда біздің сарапшылар осындай бірігулердің мүмкіндіктері мен оларды қолдау жөніндегі шараларды тиянақты түсіндіріп, нәтижесінде кәсіпкерлер тізгінді өз қолдарына алды. 2016 жылдың басынан бері 22 ауылшаруашылық кооперативі тіркелді, осы бағыттағы бірігу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Біз өзіміздің кооперативтерімізге сауда желілерімен серіктестік орнатуға көмектесіп келеміз. Мысалы, «Ақ өзек» АӨК Новосибирск қаласындағы супермаркет желілеріне пияз жеткізуді бастады, ал жазда ауылшаруашылық кооперациялары мен Алматы қаласының ритейлері арасында кездесу ұйымдастырдық. Нәтижесінде сауда желілері ет, көкөніс және жемістерді сатып алуға қызығушылық білдірді. «Федор» АӨК мен «Golden Food» компаниясы арасында 2017 жылы 60 тонна көкөніс  мен жеміс жеткізу туралы келісім жасалды.

Биыл біз «Өңірлер бизнесі» деп аталатын «Атамекен» ҰКП шағын несиелеу пилоттық бағдарламасын сәтті жүзеге асырдық. «ALMEX» инвестициялық қоры арқылы «Атамекен» ҰКП мен Алматы облысының әкімдігі 300 млн теңге бөлді. Несиелерді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынды. Алдағы уақытта жобаның сәтті іске асуын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлердің барлық өтініштерін Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының несие комитеті қарайды. Оның мүшелері облыстың бизнес-қоғамдастық өкілдері. ҰКП ұсынысы бойынша біз 87 жобаны қаржыландырдық. Өйткені облысымызда қызылша өсіру жақсы дамып келеді, сондықтан несие комитеті дәл осы саладағы шағын несиелеудің үздік бағытын анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша, біздің кәсіпкерлер былтыр қант қызылшасын өндіру бойынша үлкен жетістікке жетті.

– 2017 жылға арналған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– 2016 жылдың қорытындысы бойынша, тек аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де белсенді жұмыс жасау керек екеніне көз жеткіздік. Біздің басты аудиториямыз ауылдық жерлерде тұрады және олар қолдауға мұқтаж. Ауылдағы кәсіпкер әрқашан заңдағы соңғы өзгертулер туралы, жеңілдіктер және бизнесті қолдау құралдары туралы біле бермейді. Сондықтан да мақсатымыз – осындай ақпараттарды насихаттау. Ауыл кәсіпкерлеріне қолдауды күшейту керек, сондықтан Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық филиалдары жанынан алғашқылардың бірі болып Кәсіпкерлер кеңесін құрдық, оның құрамына ауылдар мен өңірлердегі танымал бизнесмендер енді.

Кеңесті құру арқылы біз ең шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға, сондай-ақ олардың жергілікті атқарушы органдарымен өзара ынтымақтастық  орнатуына көмектестік.

Биыл, сонымен қатар Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Өңірлік кеңестің рөлін арттыру жалғасын таппақ.

Сөзсіз, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде кәсіби қызметкерлеріміз үлкен рөл атқарады. Палата өз қызметі барысында айналасына өте тәжірибелі мамандарды жинады, соның арқасында біз сот процестерін жеңіп шығып, жобаларды сәтті іске асырып, өңірлерде қолайлы бизнес-орта құра аламыз. Менің ойымша, кәсіпкерлерге әріптес ғана емеспіз, олардың жақын адамдарына айналдық. Бір отбасының, топтың мүшесі сияқтымыз, бұл да басты жетістіктеріміздің бірі. Мен осыны әрдайым мақтан тұтамын!

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер