astana-view

Қызылордада 771 млн теңгенің 124 жобасы қолдау тапты

2017 жылғы 09 Қаңтар
- Қызылорда облысы
11812 просмотров

2016 жылы облыста шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында іске қосылған «Микробизнес-Қызылорда» жобасы жемісті іске асырылды

«Жоба нәтижелі жүзеге асырылды деп айтуға толықтай негіз бар. 2015 жылдың аяғында «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі арасында қол қойылған келісім негізіндегі жоба аясында өңірдің 300-ден астам тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Облыс әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әріптестік шеңберінде тиісінше 360 және 300 млн теңге бөлді. Кәсіпкерлерді өңірлік «Қызылорда» инвестициялық орталығы арқылы қаржыландыру 2015 жылдан басталды. Сол кезде облыс әкімдігі жобаны пилотты режимде іске қосты. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің бұл бастамасы өз жемісін берді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Өңірдегі ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған қаржы ұйымын құру бастамасын Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі көтерген еді. Кейін бұл идеяны өңір басшысы қолдады. «Қызылорда» өңірлік орталығы кәсіпкерлік бастамасы бар ауылдық азаматтарды қолдайтын ұйым болуы тиіс. Екінші деңгейлі банктердің қарыз беру шарттары кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін ауылдықтар үшін өте қатаң. Олардың үйлері мен басқа да мүлкі әрдайым кепілге алына бермейді. Ал Өңірлік орталықта мұндай қиындықтар болмайды», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Жұмыстың нәтижелілігі туралы Өңірлік инвестициялық орталықтың директоры Самат Ерниязов та айтып өтті. «Облыс әкімінің нұсқауы бойынша 2015 жылы өңірлік инвестициялық орталыққа 360 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа 56 жоба қаржыландырылып, 223 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның ерекшелігі – несиелендіру кезінде басымдық ауыл кәсіпкеріне берілетіндігі. Несиелердің қайтарымдылығы да көңіл қуантады. Мәселен, 2016 жылы өңірлік орталық арқылы жалпы сомасы 771 млн теңге болатын 124 жоба қаржыландырылып, 440 жаңа жұмыс орны ашылды. Егер олардың 58-і «Атамекен» ҰКП бөлген қаражат есебінен қаржыландырылса, 52 жоба облыстық бюджеттен, 14 жоба қарызданушылар қайтарған қаржы есебінен қаржыландырылды. Яғни бүгінгі таңда алынған несиелер қайтарылуда».

«Микробизнес-Қызылорда» жобасы бизнесімді дамытуға мүмкіндік берді. Мен жиһаз жасаумен бұрыннан айналысып келемін. Өткен жылы өңірлік орталық арқылы 2,6 млн теңге алдым. Жиһаз цехыма қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Менің шағын бизнесіме қолдау танытқаны үшін «Атамекен» ҰКП-ға алғысым зор және жоба келер жылы да жалғасын табады деген үміттемін», – дейді Жалағаш ауданының кәсіпкері Әділбек Әбдіқанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер