astana-view

Мемлекет пен бизнес – тең серіктес

2017 жылғы 16 Қаңтар
- Шымкент қаласы
10972 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысында бизнесмендерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) жобаларын белсенді түрде іске асыруға шақырды

Оңтүстік өңірдің іскер тұрғындары үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) шеңберінде өз ісін бастауға немесе өз бизнесін дамытуға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасында өткен  брифингте айтылды. Брифингте бизнесмендерге әлеуметтік маңызы бар МЖС жобаларына жеке серіктестер тарту жөніндегі байқауға қатысу туралы ұсыныс жасалды.

Сонымен бірге, арнайы семинар өткізіліп, онда бизнес өкілдеріне мемлекет және жеке кәсіпкерлік субьектілері арасындағы жаңа ынтымақтастықтың тетіктері түсіндірілді, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау саласындағы МЖС жобалары көрсетілді.

МЖС туралы заң Қазақстанда 2015 жылдың желтоқсанында қабылданды. ОҚО-да 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мемлекеттің бастамасымен құрылыс және әлеуметтік нысандарды салу бойынша кемінде 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңға дейін мектепке дейінгі білім беру мен денсаулық сақтау саласында 5 жоба сараптамадан өтті. Бұл дегеніңіз, Түлкібас, Бәйдібек, Отырар аудандарындағы және Шымкент қаласындағы балабақшалардың, сондай-ақ Шымкент қаласында емхананың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Бес жобаның жалпы құны – 3,4 млрд теңге. Жеке серіктестіктерді анықтау бойынша байқау жарияланды.

МЖС отандық бизнестің әрі қарай дамуына серпін беріп, жаңа мүмкіндіктер ұсынатыны анық. Қысқа мерзімді шарттарда тендер ұтып алып, ол бойынша бір жыл жұмыс жасауға болады. Бірақ, ол бизнесмен келесі жылы да жолы болатынына сенімді болмайды. Ол келер жылы нарықтан шеттетіліп қалуы да мүмкін. Ал МЖС-те байқауға бір мәрте қатысу арқылы өз бизнесіңнің жұмысын алдағы 10-15 жыл бойы қамтамасыз ете аласыз.

Бюджет үшін де арзанға түседі, өйткені кәсіпкерлердің өздері алдағы уақытта әлеуметтік нысандарды пайдалана алады, олар сапалы құрылысқа, тиімді және үнемді пайдалануға өздері де мүдделі болады.  Содан кейін жекеменшік иесі тиімсіз жобаға өз ақшасын (ал МЖС-де ол өзінің қаражатын ғана пайдаланады немесе өздігінен қарыз тартады) салмайды, бұл мемлекет үшін де қайсыбір жобалардың өміршеңдігін анықтауға өзіндік сүзгі болмақ.

МЖС шарты бойынша мемлекет нысан өз қызметін бастаған кезде және оның қызметі тиімді болған кезде ғана қаржы бөле бастайды.

«Мемлекет сіздің салған ақшаңызды 5-7 жыл ішінде толығымен қайтарып береді. Бұдан басқа, жеке серіктестікке нысанды басқарғаны үшін сыйақы төленеді, ал қаржы тартқан жағдайда мемлекет несие бойынша банкке сыйақы төлеуге де әзір. Сіз бұл сомадан несие бойынша емін-еркін есеп айырысып, өз ақшаңызды қайтара аласыз, – деп түсіндірді бизнесмендерге облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері. – МЖС шеңберінде балабақша салған жеке серіктес, оны пайдалана алады. Ол оның сенімді басқаруына өтеді. Мемлекет оған барлық шығындарды өтеп береді, ал бонус түрінде – осы балабақшада кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға мүмкіндік беріледі».

«МЖС – бұл кәсіпкерлерге мемлекетпен бірге табыс табуға берілген тамаша мүмкіндік! – деп есептейді Кәсіпкерлер палатасы Жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Қанат Шәлімбетов. – МЖС негізіндегі ынтымақтастық мемлекетке де, бизнеске де тиімді болмақ. Кәсіпкерлер ұзақ мерзімге сенімді серіктестік тауып, тұрақты кіріс көзіне ие болса, мемлекет тұрғындардың алдындағы міндеттерін (әлеуеметтік маңызы бар қызметтерді) қыруар қаржы салмай-ақ, ойдағыдай атқаратын болады».

Бюджеттік қаржылар аз кезде, МЖС Үкімет, аймақтар және кәсіпкерлер арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық құру арқылы  әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың баламасы болары сөзсіз.

Әлеуетті жеке серіктестіктер реестріне енгізу туралы өтінімді ОҚО Кәсіпкерлер палатасына беру қажет. Оған 8 (7252) 99 80 20, 8707 950 99 83 телефондары бойынша және k.shalimbetov@palata.kz электронды поштасы бойынша хабарласуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер