astana-view

Кедендік жарналар мен салықтарды төлеу мерзімі ұзартылады

2017 жылғы 16 Қаңтар
10351 просмотров

Алайда мұндай жеңілдік қысқа мерзімге ғана берілмек

Қазақстанның Қаржы министрлігі жауапты декларация толтырушыларға шетелден жүк алу кезінде жеңілдік жасауға дайын. «Тауарды импорттау кезінде кедендік жарналар мен салықтарды төлеу мерзімін ұзартуға дайынбыз. Егер декларация иесінің түрлі жағдайларға байланысты тиісті жарналар мен салықтарды бірден немесе толықтай төлеуге мүмкіндігі болмаса, 1 айға ұзарту мерзімін пайдалану құқығы ұсынылып, тауар төлемдерсіз шығарылады», – деп мәлімдеді бүгін қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Парламент мәжілісінде өткен Үкімет сағатында.

Бұл ретте, ол, «кедендік баждар мен салықтарға пайыздар есептелетіндігін» атап өтті. Белгілі бір жағдайларда «мерзімді ұзарту кезінде 6 айға дейін пайыздар есептелмейді».

Бұдан бөлек, Қаржы министрлігінде «кедендік шекарадағы ескі және тиімсіз өткізу бекеттерін» жаңарту жоспарланып отыр.

«Осы мақсатта, – деп мәлімдеді министр, – Қазақстан-Қытай шекарасында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидасына құрылған екі жаңа «Нұр Жолы» мен «Қалжат» автомобильдерге арналған өткізу бекеттерінің құрылысы жүріп жатыр». Бұдан бөлек, үкіметаралық қарыз тарту есебінен 23 өткізу бекеті жабдықталмақ.

Қаржы министрі жаңартылған бекеттерде заманауи сауда-логистика орталықтары ашылады деп сендірді.

«Бұл тауарларды шекарада-ақ шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, тәуекелдерді басқару жүйесі анықтаған заңбұзушылықтар болмаса, шекарада тауарларды шығару 29 минуттың ішінде жүргізіледі», – деді Бақыт Сұлтанов.

Осы жаңалыққа түсініктеме бере отырып, қаржы министрі бұл уақыттың болжалды көрсеткіш емес екенін, іс жүзінде есептелгенін атап өтті. Бұдан бөлек, Астанадағы көлік-логистика орталығына ұқсас жаңа кедендік аймақтар ашылады, олардың жалпы саны төртеу болмақ: Қазақстанның оңтүстіктігінде, солтүстігінде, шығысында және батысында орналасады. Астанада сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тауарларды сұрыптау мен сақтауды қоса есептегенде, логистикалық қызметтердің толық кешені көрсетіледі.

Жаңа кедендік нысандар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылады, «бюджеттен шығын шықпайды».

Сондай-ақ Қаржы министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына кедендік қызметтің 7 түрін беруге дайындалып жатыр. «Өкілетті экономикалық оператор мәртебесін табыстау», «Кедендік өкілдер тізіліміне енгізу»,  «Кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізу», «Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу», «Кедендік қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу», «Бос қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу», «Жарнасыз сауда-саттық дүкендері иелерінің тізіліміне енгізу».

Бұл қызмет түрлері ведомствоаралық комиссия оң қорытынды шағарғаннан кейін, екінші жартыжылдықтан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді болмақ.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер