astana-view

Микронесие: жаңа кәсіп пен жұмыссыздықты азайту

2017 жылғы 16 Қаңтар
4723 просмотров

Мемлекет тарапынан жасалған орта және шағын бизнесті қолдау бағдарламалары экономикалық ахуалды реттеуге мүмкіндік береді. Бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған бағдарламалар арқылы шағын және орта бизнеске 2016 жылы қандай көмек көрсетілді, 2017 жылғы жоспар қандай екенін сараптап көрейік.

«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті дамытуға қаражат республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан  бөлінеді. Бағдарламада республикалық бюджеттен және әрекет етуші кәсіпорындардың айналымдық қаражатын толықтыруға бағытталған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартуға Ұлттық қордан  қаржы бөлу жоспарланған.

Тиісінше, осы бағдарлама аясында 2016 жылы Ұлттық қордан 545 млрд теңге бөлінген, оның 200 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры арқылы 2016 жылдың 8 айында 215 бизнес-жоба қаржыландырылса, 1500 кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, мемлекеттің қолдауына ие болған.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту–2020 жол картасы» бағдарламасы жұмыссыздықты азайтуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бағдарламаның екінші бағыты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу бойынша 2016 жылы 31 млрд теңге микронесие бөлінген. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше 9 мыңнан астам адам кәсіпкерліктің негіздеріне арналған курстан өткен. Оның ішінде 4 мың 962 қатысушы тұңғыш рет өз бизнестерін ашса, 4 мың 83 адам қолданыстағы бизнесін ұлғайтуға микронесие алған. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысыннан 1684 тұрғын, Алматы облысында – 1 002, Ақтөбе облысында – 962, Қызылорда облысында – 706, Жамбыл облысында 585 адам несиеге қол жеткізді. Сәйкесінше, 7 мың 236 жаңа жұмыс орнының ашылуына мұрындық болды.

«Халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздықты азайтуда  кәсіпкерліктің маңызы зор. Бүгінде елімізде 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы біз оларды заңдастыра аламыз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бойынша жеке бағыт іске асырылады. Бағдарлама бағытының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жұмыссыздарға жеңілдік шарттарында шағын несие беру арқылы кәсіпкерлік қызметке тарту», – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Соңғы бес жылда 42 мың 800 адам шағын несие иеленген. Оның ішінде 39 мың 700 адам тұңғыш рет жеке кәсіп ашқан. Микронесие алу арқылы кәсіп бастау 82,5 мыңнан астам адамды тұрақты кіріспен және жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кәсіпкерлердің қызметін заңдастыруы арқасында 9,6 млрд теңге сомада зейнетақы төлемдері, әлеуметтік сақтандыруларға 4,3 млрд теңге жарна аударылған.

Тиісінше, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің 2016 жылғы көрсеткішін сараптасақ, 1 желтоқсанға дейінгі статистикалық мәлімет бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  1 180 780 құрады. Бірақ 2015 жылғы дәл осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 5,5% төмендеген. Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ең көп тіркелген – 174 624. Одан кейін Алматы қаласында 170 828, ал Алматы облысында – 111 886, Астана қаласында – 101 100 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Осы ретте шалғай аймақтардағы тұрғындарды кәсіпке баулу, жеке бизнесті ашуға жәрдемдесу мақсатында жоспарлар құрылып, бірқатар істер қолға алынды. 2017 жылдан бастап «Жұмыспен қамту–2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша, шағын несиелер жеке істі ұйымдастыруға және кеңейтуге – 3 млн теңгеге дейін, оралмандар мен қоныс аударушылар үшін – 5 млн теңгеге дейін, жеке қосалқы шаруашылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыруға 6 млн теңгеге дейін қаражат бөлінбек. Ұсақ тауарлар өндірісін ұйымдастыру үшін жылына 6% мөлшерлемемен 5 жылдан аспайтын мерзімге шағын несие беру жоспарда бар. Бұдан басқа, негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі ұсынылмақ.

Сонымен қатар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама жұртшылықты жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында жасалған. Осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2017 жылдан «Bastau Бизнес» жобасы іске асырылады. Жоба бойынша 2017 жылы ­– Қазақстанның 14 облысындағы 80 ауылдық округ, 2018 жылы – 160 ауылдық округ қамтылмақ. Жоба бойынша 2017 жылы – 15 мың адам тәлім алса, 2018 жылы – 18 мың, 2019 жылы – 22 мың, 2020 жылы – 26 мың, 2021 жылы – 30 мың адам оқытылмақ.

Аталған бағдарлама жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін, жаңа тұрақты жұмыс орындары құру шартымен микронесие ұсынылады. Бағдарлама қатысушыларына қайтарымды, мерзімді және ақылы қағидаттарымен 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға несие беру жоспарланған.

Қарлыға Мырзалимова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер