astana-view

Еңбектің наны тәтті

2017 жылғы 17 Қаңтар
- Қызылорда облысы
6351 просмотров

«2015 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өкілдері келіп, ауылымызға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Керекті мәліметтерге қаныққан соң, өңірлік бағдарламамен 3 000 000 теңге көлеміндегі қаржыны 3 жылға несиеге алдық», – дейді жеке наубайханасының шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер Нағашыбай Серікбай.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылын бүгінде 2500-ға тарта тұрғын мекен етеді. Облыс пен аудан орталығына жақын орналасқанына қарамастан, Тартоғайда наубайхана жоқ болған екен. Осы кемшілікті жоюды армандаған Нағашыбай шағын кәсіп ашуды да біраздан жоспарлап жүргенге ұқсайды. Өзгелердің еңбек етіп, шағын кәсібін дөңгелетіп ала жөнелгенін көргенде қызыға қарап, «Алғашқы қадамды қалай жасау керек?», «Неден бастаған жөн» деген секілді сұрақтарға жауап таппай қиналып жүргенде, «Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдігі өткізген шара керекті жауаптың бәрін беріпті.

«Жастарға сенім артып, өз ісін ашуға көмек көрсетіп жатқан мемлекеттік қолдауға алғысымды білдіргім келеді. Шығарып жатқан өнімдердің санын арттырсақ, алымсақтар наубайханадан тікелей де ала алады», – дейді жас кәсіпкер.

Нағашыбай анасына нан пісіруге 10 жылдан бері көмек көрсетеді екен. Ол Тартоғай ауылының мектеп-лицейін 2013 жылы тәмамдайды. «Нағашыбай бала күнінен көмекке жарап келеді. Нанның қамырын илеп берсем, әрі қарай балам өзі пісіре береді. Ауылда қайда сатамын деген мәселе жоқ. Себебі, біздің нан өнімдерімізге сұраныс жоғары. Ұлым мектеп бітіре сала жеке кәсібін ашқысы келетінін айтты. Кәсіп түрін таңдау бізге қиынға соқпады. Өзімізге тиесілі жер тіліміне шағын наубайхана салып, пісіріп жүрген нан өнімдерін шығара бастадық», –  дейді кәсіпкердің анасы Қамар Жақаева. 

 Қазір ел экономикасын дамытуда  жас­тарға сенім арту үшін оған мемлекет және жергілікті атқару органдары тарапынан ұдайы көңіл бөліп келеді. Жастардың бұл іске қызығу­шылығын арттыру үшін оларды үнемі ақпаратпен қамтамасыз ету де маңызды. Осы орайда, кәсіпкерлікті кеңінен насихаттау науқаны жүріп, жаппай кәсіпкерлікті қолға алғандар қатары артты.

Наубайхана 2016 жылдың қыркүйегінде ашылған. «Қазіргі кезде ауылдың 2 адамын жұмыспен қамтылып отыр. Бөлке нан, булочка, тандыр нан, прәндіктер мен самса, бәліш секілді ұн өнімдері пісіріледі. Күніне 200 бөлке нанмен осы көлемдегі тандыр нан шығарамыз. Ауылдың мектебіне, балабақшасына сонымен қатар қоныс колониясына өнім өткіземіз», – дейді Нағашыбай Өркенбайұлы.

Наубайхана жұмысы таңғы 8-де басталып, кешкі 6-да аяқталады. Ал түнгі жұмысты анасы мен кәсіпкердің өзі жалғастырады. Алдағы уақытта наубайхана көлемін арттырып, жақын маңдағы елді мекендерге де өз өнімін ұсынсақ деген Нағашыбайдың жоспары бар.

Кәсіпкер болу бәрімізге бірдей бұйырған нәсіп емес. Өз-өзіне сене білген, өрге ұмтылған әр азамат қай белестен болса да сүрінбей өтіп, биіктен көріне алады. Бұған әлемнің, еліміздің көпке танымал тұлғалары мысал. «Еңбектің наны тәтті» дейді дана халқымыз. Кезінде бәрі сенімсіздікпен қараған кәсіпкерлік саласына, бүгінде жас пен кәрі, мүмкіндігі шектеулі жандар да атсалысып, арнайы сабақ алу мүмкіндігіне ие. Сырттан келген қандастарымыз да осы жоба аясында өз білгенін ортаға салып, білмегенін үйреніп, кәсіпкерлік көздерін ашуға құлшынысы артты. Өз өмірін өзгертуге ғана емес, ел экономикасын дамытуға, Отандық нарықтың қажеттілігін өтеуге үлес қосамын деген жанның мүмкіндігі осы – кәсіпкерлік. Бастысы адам қатардан қалмай алға ұмтылумен оқып-білуден, үйренуден шаршамау керек. Ал бұған сенбесеңіз, кәсіпкерлермен кездесіп тәжірибе алмасуыңызға, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан кеңес сұрауыңызға болады.

«Атамекен» ҰКП, Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңестің байланыс телефоны – 8 (7172) 919-300. Электронды мекен-жайы: zhastar@palata.kz.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер