astana-view

Ербол Өстеміров: Санитарлық талаптардың көбісі қисынсыз

2017 жылғы 19 Қаңтар
12300 просмотров

Ұлттық палатаның талап етуімен, тексерулерді 80%-ға қысқарту ұйғарылған

Бас прокуратурада өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысында басты тақырып, Санитарлық ережелер мен қағидаларды қолдану кезінде пайда болатын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мәселелер жөнінде ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров баяндама жасады.

Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелер мен Ұлттық палата, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге жағдай жасауда ауқымды жұмыстардың басын қайыруда. Мысалға, рұқсат беру қағаздары мен лицензиялар саны азайып, тексеріс өткізу рәсімдерінің оңтайландырылы бизнес-ахуалдың жақсарғанының көрінісі. 

Алайда, кәсіпкерлерден түсетін өтініштерді талдау барысында, барлық түйткілдердің толық тарқатыла қоймағаны аңғарылған. Әсіресе, мемлекеттік мекемелердің кәсіп иелеріне жүктейтін талаптары айрықша алаңдаушылық тудыртуда. Оған дәлел, мұндай талаптардың жалпы саны 28 мыңнан асқаны.

«Әлбетте, кәсіпкерлер олардың бәрін қасақана орындамауға тырыспайтыны белгілі. Бірақ  бұл талаптардың түгелін есте сақтаудың өзі қиынға соғады емес пе?! Бұдан тыс, қыруар міндеттеулер сыбайлас жемқорлыққа жол ашатыны анық. Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласына келсек», – деп нақты тақырыпқа ойысты Ербол Өстеміров. 

Департамент басшысының дерегіне қарағанда, қазіргі уақытта, 83 біріктірілген талаптан тұратын 1 тексеру парағы қолданылуда.

«Төртінші тармақты алсақ, шаруашылық және ауызсу мақсатындағы, тұрмыстық кәдеге жаратуға арналған санитарлық қорғау аймақтары, сумен қамту көздерінің, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау нысандарының, су құбырлары мен су алу құрылымдарының санитарлық қорғалатын тұстары талаптарын кеңейтер болсақ, Ұлттық экономика министрінің 2 бұйрығынан табылады. Сонда бір ғана тармақта 343 талап бар. Салдарында, тексеруші тарап осы қағидалардың барлығын, не болмаса ішінара бір бөлігін кәсіпкерге жүктейтіні анық. Алайда кәсіпкер бұл талаптардың қаншасын бұлжытпай сақтау керектігін түсінбей дал болады», – деп жіктеді Ербол Өстеміров.

Мәселенің шешімін табу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратурамен, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, білікті сарапшыларды тарта отырып, мемлекеттік бақылау (қадағалау) кезіндегі тексерулерді оңтайландыруда ортақ әдіс-тәсілдер    әзірлеген.     

Жаңа тәсілдерге сай, тексеру парақтарына келесі жайттар енуі тиіс:

-біріншіден, өндірістен шыққан түпкі өнімнің қауіпсіздігін сипаттайтын талаптар.  Бұл зертханалық талдаулар, өлшеулер арқылы таразыланбақ;

-екіншіден, нақты тексеруге болатын талаптар. Бұл  құжаттарды, қажетті құрал-жабдықтар мен көрсеткіштерді, таңбалау және басқа да көрсеткіштерді тексеру;

-үшіншіден, сол жерде салмақтаудан тұрады; тексеру парақтарына ішкі технологиялық үдерістерді сипаттайтын талаптар кірмегені абзал, себебі бұл өндірістік-технологиялық бақылауды тексерілетін субъектінің өзі ұйымдастырады.

Осы орайда баяндамашы, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті, 2 ай бойы тексеру парақтарын ревизиялауға белсенді атсалысқанын атап өтті.

Нәтижесінде 41 санитарлық ереже сүзгіден өтіп, 11543 талап анықталған. Назарға іліккен тексеру парақтарындағы талаптардың 9172-сін, яғни 80 пайызын алып тастау жайы ұйғарылған. Сәйкесінше тек 20% көлемдегі 2371 қағида күшін сақтап қалмақ. Батыл қадамдардың арқасында құзырлы саладағы бұлыңғыр баптар жойылып, тексеру парағы бизнес субъектілеріне орындауға мүмкін болатындай анық күйге енген.

«Мысалға келтірсек, тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарына қойылатын санитарлық талаптар бойынша 76% талапты алып тастау кеңес етілді», – деп мәлімдеген Ербол Өстеміров, бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрінің жаңа тексеру парақтарын (барлығы 45) бекіту жайлы бұйрығының жобасы «Атамекенде» зерделеніп жатқанын, жақын арада өз ұстанымдарын білдіретіндерін жеткізді.

Департамент жетекшісі артық әрі қисынсыз, өзектілігін жойған талаптар тазаланғанымен, халықтың санитарлық салауаттылығын қамтамасыз ететін жалпы қағидалар орнында қалғанын айта кетті.

«Осымен бірге, сөрелердің қабырғамен арадағы орналасу алшақтығы сынды шамадан тыс нақтыланған талаптар кәсіпкерлердің наразылығын тудыруда. Мәселен, төгілетін өнімдерді қабырғадан 50 см аралықта сақтау керек», – деп мән-жайға қанықтырған Ербол Өстеміров, бүгінде мектепке дейінгі мекемелерге қатысты талаптар қарастырылуда екенін, Білім және ғылым министрлігі барлығы 120-дан астам талапты алып тастауды кеңес еткенін хабарлады.     

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің орындау мүмкін емес талаптарына байланысты Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданы кәсіпкерлерінен арыз-шағымдар келген. Бұл жерде орталықтандырылған кір жуу жайындағы талаптар қиындық тудырған. Мысалға, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылында 1400 адам тұратындықтан, кір жуу нысанын құру тиімсіз.   

«Көтерме және бөлшек сауда нысандарындағы азық-түлік өнімдерін қайта қаптауға қойылатын талаптар да алаңдатады. Өйткені жарма, қант, макарон секілді тауарлар 50 келілік не одан да артық салмақтағы қаптарда сатып алынады. Содан сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін ұсақ дүкендер оларды санитарлық ережеге сай бөлмеде, тексерістен өткен өлшеу аспаптарында 1 келілік пакеттерге қайта салады. Алайда тексерушілер бұны заңбұзушылық деп бағалауда», – деп әңгімелеген Ербол Өстеміров үлкен өндірістік цехтардағы жылудың болуы жайлы талаптарды орындау да мүмкін емес екендігін дәйектеді. Мысалға желдету жүйесі жұмыс істеп тұрған жайға жылы ауаның жіберілуін көзіңізге елестетіп көріңіз.

«Метакон» және «Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне дәл осы себеппен айыппұл салынған. Бұл мәселе Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті басшыларының алдында көтерілгенімен, берілген жауапта санитарлық ережелерге енгізілетін өзгерістердің ғылыми негізделуі керектігі айтылған.

«Бұл мәселеге байланысты Мәскеу мен Минск қалаларында ғылыми институттардың барын бағамдадық. Германия мен Франция институттары да еуропалық стандарттар аясында сапалы зерттеулер жүргізе алады деп ойлаймыз. Түйткілді толығымен тарқату үшін, Кеңестен, Үкіметке артық не ескірген, қайталанатын талаптарды ғылыми талдауға қаржы бөлуді ұсынуды сұраймыз», – деп қорытындылады «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров.   

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер