astana-view

Бас прокуратурада «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті

2017 жылғы 19 Қаңтар
7840 просмотров

Санитарлық қағидалар мен ережелерді қолдану кезінде әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық қатерлерін қалай азайтуға болады? Неге кейбір кезде қойылатын талаптар қисынсыз әрі заңсыз болып келеді?

Бұл мәселе, бейнеконференция түрінде Бас прокуратурада өткен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында басты тақырып ретінде қаралды.

«Бас прокурор Жақып Асанов пен «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бекіткен «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» Жол картасын жүзеге асыру аясында жүргізілген талдау көрсеткендей, кейбір кезде қауіпсіздік мәселесіне тіпті қатысы жоқ өндіріс тәртібі мен жағдайын шамадан тыс қыспаққа алу, кәсіпкерліктің қалыпты дамуына қайшы шектеулер тудырады. Бұл, және де, парақорлықтың кең етек алуына әсер етеді», – деп атап өтті кіріспе сөзінде отырысты жүргізуші «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Санитарлық ережелер мен қағидаларды қолдану кезінде пайда болатын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мәселелерге Бас прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаев пен «Атамекен»   ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров егжей-тегжейлі тоқталды.

Талқылау барысында Кеңес мүшелері, тұтынушылар құқығын қорғау орындары, кәсіпкерлерге орындалуы мүмкін емес немесе заңсыз ескертулерді әдейі беретін жайттар жиі аңғарылатынын нұсқады. Жекелеген санитарлық баптар қисынсыз талаптардан тұратындықтан, алынып тасталуы ұсынылды.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің өкілдері, елімізде тексерістердің көбі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің желісі бойынша жүргізілетінін келтірді. Бұл орайда, тексеріске іліккен бизнесмендердің басым бөлігі, бекітілген талаптардан ауытқымаған. Керісінше, тәжірибе көрсеткендей, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының қызметкерлері қызмет бабын асыра пайдаланып, жауапсыз әрекеттерге ұрынуда.  

Кеңес басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін денсаулық сақтау саласына кіріктіру керектігін атап өтті. Себебі халық денсаулығын қорғаумен, түрлі аурулардың алдын алу және қарсы тұру жұмыстарымен кәсіби мамандар айналысуы қажет. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық реттеудің тығырыққа тірелгені сол, қызметті ғылыми негізделген сүйемелдеу жағы ақсауда. Сондықтан жауапты міндетке тәжірибеде ысылған білікті мамандардан бөлек, денсаулық сақтау жүйесінің ғалымдарын жұмылдырған жөн.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың баяндамасында айтылғандай, облыс прокурорлары өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлескен райда, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлерін жоюда шаралар кешенін атқаруда.

Отырыс қорытындысында, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі, Санитарлық ережелер мен қағидаларды қолдану кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауда, құқықтық регламенттеу мен ұйымдастырушылық қамтамасыз етуде жүйелік ақаулар барын тұжырымдады. Салдарында кәсіпкерлік қызметке әкімшілік кедергілер туындап, саладағы жемқорлық жайттары жойылмауда.

Ұлттық экономика министрлігіне, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын қадағалау мен бақылауды жүргізгенде, жемқорлық заңбұзушылықтарын жасауға түрткі болатын себеп-салдарды анықтау мен жоюда парақорлық тәуекелдерін ішкі талдауды жүзеге асыру ұсынылды.    

Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне, іс жүзіндегі Санитарлық қағидалар мен ережелерге мониторинг жасап, өзгерістер әзірлеу кеңес етілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына, өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында,  халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы тұрғысында, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен және өзге де мүдделі атқарушы органдармен тізе қосқан күйде, азаматтарды қабылдау шараларын ұйымдастыру тапсырылды.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер