Мәжіліс кәсіпкерлерге қатысты заң жобаларын қарайды
Жобалардың бірінің таныстырылымы келесі аптада өтеді
Сөз «Стандарттау туралы» заң жобасы жайында болып отыр. Palata.kz-ке берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлім еткендей, Үкіметте жедел түрде тұжырымдамалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары басталып кеткен. Естеріңізге сала кетсек, депутаттар өңірлердегі іс-сапарларынан оралды, онда олар сайлаушылармен кездесулер өткізген еді. Азат Перуашев, көбінесе, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың түйіткілді мәселелерін тыңдап қайтыпты.
«Біз ауылдарда да кездесулер өткізгендіктен, сұрақ көп болды. Фермерлер бір жылдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығы бойынша инвестициялық субсидия төленбегенін айтты. Мұндай дабылдар бізге Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан түсті. Оларды ешкім алып тастаған жоқ деп ресми растаған сияқты еді», – дейді депутат.
Азат Перуашев айтып өткендей, басқа да қордаланған мәселелердің қатарында жауапсыз кәсіпкерлік пен салықтық дау-дамайларға қатысты талап қоюдың әрекет ету мерзімін қайта қарау мәселелері де болған. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, банк жүйесі бойынша сұрақтар болды. Қазір барлық сұрақтарды жүйелеп, Қазақстан Үкіметіне депутаттық сауал ретінде жолдаймыз», – деп атап өтті мәжілісмен.
Оның айтуынша, ауыл кәсіпкерлері «ҚазАгро» холдингінің бейберекет жұмысы» туралы да мәселе көтерген.
«Онда еншілес құрылымдар көп, оның әрқайсысы қандай да бір салаға жауап береді. Салдарынан, үлкен басқару аппаратын ұстап тұру артық шығынға ұшыратады. Екіншіден, кәсіпкер өз мәселесін айтып қайда барарын білмей, басы қатады, өйткені «ҚазАгроҚаржы» да, «Мал өнімдері» де бар. Осылай әуре-сарсаңға түсіп жүрген жайлары бар», – дейді депутат.
Мәжілісте 2017 жылы бизнестің мүддесін қорғауға бағытталған заң жобалары қаралмақ. Азат Перуашев әңгімесін «Стандарттау туралы» заң жобасынан және соған қатысты өзгерістер мен түзетулерден бастады.
«Заң жобасының таныстырылымы 26 ақпанға белгіленген. Техникалық реттеу және стандарттау комитеті құжатты «Ақ жол» партиясында таныстырды, бірақ, менің білуімше, осыдан кейін заң жобасына қосымша тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Сондықтан, әлі де қараймыз», – деді депутат.
Мәжілісмен келтірген мәлімет бойынша, заң жобасының мақсаты – «ЕАЭО-ның техникалық ерекшеліктері туралы келісім аясында мемлекеттік, ұлттық, сондай-ақ мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуде басым тұстарды өзгерту».
Сондай-ақ, Азат Перуашев Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілуі ықтимал екенін тілге тиек етті, нақтырақ айтсақ, жалған кәсіпкерлік туралы бап алынып тасталынуы мүмкін.
«Бірақ, шынын айтқанда, онда даулы жайттар бар. Бапты сақтап қалу ұсынылуда, салық берешегі бойынша жалған кәсіпкердің өзі емес, онымен білместіктен келісімшарт жасаған адал кәсіпкер жауап береді. Проблемалар мұнымен бітпейді, дегенмен, ҚР Қылмыстық кодексінен жауапсыз кәсіпкерлікке қатысты бапты алып тастап, қылмыстық нақты құрамды басқа баптарға қосу өте маңызды болар еді», – деп түйіндеді ойын Мәжіліс депутаты.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: