astana-view

Алғашқы қадам маңызды

2017 жылғы 25 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
9188 просмотров

Ақжар аудандық филиалының жергілікті тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту үшін жасаған әрекеті өз нәтижесін берді

Дәмелі Қалиева «Ақжар хабаршысы» газетінен Бөкетаевтардың қонақүй бизнесі туралы мақала оқығаннан кейін, өз бизнесін ашу үшін, аудандағы Кәсіпкерлерді қолдау орталығынан (КҚО) кеңес алуды жөн санады. Бағдарламалар тізімін қарап шыққан болашақ кәсіпкер «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасына қатысуға ниет етті.

Қажетті құжаттарды жинаған соң, КҚО кеңесшілері кәсіпкерге құрылысы аяқталмаған ғимаратты сатып алу үшін, құқықтық көмек көрсетті. Кәсіпкер аталған орынды ағаш кесу цехын ашу мақсатында сатып алған көрінеді. Одан кейін, 2016 жылдың мамыр айында Дәмелі Қалиева «Бизнес-кеңесші» оқу курсын тәмамдаған.

Кеңесшілер өз кезегінде, кәсіпкердің бизнес-идеясына алғашқы күннен бастап, Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалына өтініш жолдау кезеңіне дейін сүйемелдеу жасаған. Нәтижесінде, кәсіпкерге полиматериалдарды қайта өңдеу мақсатында, 3 млн теңге көлеміндегі несие беріліпті.

Бүгінгі күні «Қалиева Д.К» жеке кәсіпкерлігі ғимаратты қалпына келтіріп, барлық қажетті қондырғылар мен материалдар сатып алған. Тіпті, ауыл тұрмысына қажет полиматериалдарды шығару ісі де жолға қойылыпты. Олардың қатарында: кесілген тақтайлар, еден тақталары және тағы басқалары бар. Айта кетерлігі, цех өнімдері, аудан тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Ал, өнім сапасы мен бағасының сәйкес болуын үнемі бақылауда ұстаймын, дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, Палатаның Ақжар аудандық филиалы кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсете отырып, Дәмелі Қалиеваға 2017 жылы ет-сүт бағытындағы ірі қара мал өсіруді көздейтін «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасын пайдалану туралы ұсыныс білдірген. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар қолға алынды. Ең бастысы, кәсіпкердің барлық әлеуетін ескеріп, жобаны жүзеге асыру барысында орын алатын қаржылық-экономикалық қиындықтарды дұрыс бағалай білу керек, дейді Палата мамандары.

Ал, кәсіпкердің өзі жобаны жүзеге асыруға барын салмақ. «Ірі қара малдың ет-сүт өнімдеріне деген сұраныс қашан да жоғары болмақ. Демек, табыс та болады деген сөз. КҚО-ның үздіксіз қолдауының арқасында, мен өз кәсібімді ашып, дамытқалы отырмын», – деп Д.Қалиева филиал жұмысына қатысты өз пікірін білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер