astana-view

Абылай Мырзахметов: Жолдауда «Атамекенге» үлкен жауапкершілік жүктелген

2017 жылғы 31 Қаңтар
13536 просмотров

Бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуға әрі кеңейтуге басымдық берілмек

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов баспасөз мәслихатында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бизнес-қауымдастыққа жүктелген міндеттерге нақтырақ тоқталып өтті.

«Қазақстанның стратегиялық мақсатында 2050 жылға ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі кемінде 50% болуын көздейді. Сонымен қатар, Жолдауда тікелей «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атын атап, арнайы тапсырмалар беруі, шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану, бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастыру мәселелері де қамтылып отырғаны үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасының айтуынша, «Атамекен» ҰКП өңірлерде бизнес жүргізуге бағыттау мақсатындағы ағартушылық-бейімдеушілік жұмыстар жүргізетін болады. Бұл ретте Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, өз ісін ашуға бейімдеу мақсатында «Bastau  Бизнес» жобасын іске қосып, 14 облыстың 80 ауданында арнайы оқыту курсын жүргізеді.

Жолдауда «Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады» деп ерекше атап өтілген. Осы мәселеге орай «Bastau  Бизнес» жобасы аясында қорғалған сәтті бизнес-жоспарлар қаржыландырылмақ. Сондай-ақ бастаған бизнесі жолға қойылғанға дейін әрбір жеке кәсіп иесіне консультативтік қолдау көрсетілетін болады.

Баспасөз мәслихатында «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін орталықтар арқылы көмек көрсету, «Atameken Services» қосымшасы арқылы қызмет көрсету жұмыстары өз ісін бастаймын деген азаматтарды қағазбастылықтан арылтуға септігін тигізетіндігіне баса назар аударылды. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП тарапынан жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында, мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейтуге арналған жұмыстар кешені ұйымдастырылатындығы да жеткізілді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер