astana-view

Тәуекелді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар

2017 жылғы 06 Ақпан
5930 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген дамудың жаңа әлеуеті бағыттары талқыланды.

Қазіргі таңдағы өзгерістер шағын бизнеске ең тәуекелді жобаларды жүзеге асыру үшін оңтайлы жағдайлар туғызып отыр. Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов өз сөзінде өңір-өңірлерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, ауылдық кооперациясы өміріне бағдарламалық стратегия негізінде саясатты белсенді енгізу тұрғындардың, оның ішінде ауыл жұртшылығының өмір сүру деңгейін арттыруға септігін тигізе отырып, еңбек нарығындағы тұрақты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп атап өтті. Сондай-ақ, ол Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына тоқталды.

Жаңа тәсіл дәл шағын бизнес өкілдеріне, жеке кәсіпкерлерге және ұсақ шаруа қожалықтарына, оның ішінде өз істерін ашуға және өзіне жұмыс істеуге ниетті азаматтарға бағытталған. Ол үшін қаржыландыру көлемін, шағын несиелеудің құралдары мен инфрақұрылымын арттыру көзделіп отыр. Жиынға қатысқандар бағдарламаға ерекше қызығушылық танытты. Сауалдар қойылып, лезде жауап та беріліп отырды. Бағдарламада шағын бизнеске салалық шектеусіз 6%-бен 18 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Бұған қоса, кепілзат мәселесін шешу мақсатында шағын несиелерге кепілдік беру жүйесі енгізілетін болады. Бастаушы кәсіпкерлер үшін несие бойынша кепілдік беру көлемі несие құнынан 85%-ға дейін, ал қолданыстағыларға – 50%.

Нұрлыбек Мұқанов стратегиялық құжаттың тағы бір бағыт – сандық және IT-технологияның маңыздылығына назар аударды. Талқылау барысында көпшілік IT- және мобильдік қосымшалардың шығындарды азайтуда, уақыт үнемдеуде, сондай-ақ ақпарат, тауар және қызмет түрлерімен алмасуды жеделдетуде айрықша рөл атқаратынымен келісті. Осыған сүйене отырып, IT саласы бизнес алдындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға да септесу керек деген қорытындыға келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер