astana-view

Төлеміс Шотанов: «Бас қаладағы ШОБ субъектілерінің саны 100,2 мыңды құрап отыр»

2017 жылғы 10 Ақпан
8133 просмотров

Кәсіпкерлікті дамыту картасына Елорданың 3,9 млрд теңге сомадағы 24 инвестициялық жобасы енгізілген

Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов шағын және орта бизнесті дамыту бағытында өткен жылы жоспарланған іс-шаралардың 92% орындалғанын жеткізді.

Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, Астанада шағын және орта бизнес субъектілері жыл сайын артуда. 2016 жылдың қаңтары мен  2017 жылдың қаңтардағы көрсеткішті салыстырсақ,  ШОБ 1,1% артқан, яғни бүгінде бас қаладағы ШОБ субъектілерінің саны 100,2 мыңды құрап отыр. Осылайша Астана қаласының жалпы ішкі өнімі 1% артқан. Ел экономикасының ЖІӨ 11,8%-ын  Астана қамтамасыз етіп, Алматы қаласынан кейін екінші орынды иеленді. Сонымен қатар өткен жылы инвестиция көлемі 837,7 млрд теңгені құрады, осылайша 2015 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артқан.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана қаласы әкімдігімен, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысының нәтижесінде билік пен бизнес арасында қарым-қатынас беки түсті. Осылайша Кәсіпкерлер палатасы мен Астана әкімдігі мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында былтырғы жылдың мамыр айынан бастап арнайы комиссия құрып, бизнестің қатысуымен 6 отырыс ұйымдастырған.

«Мемлекеттік сатып алуларда отандық үлесті арттыру біз үшін маңызды. Арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде жақсы жетістіктерді көруге болады. Мысалы, 2015 жылмен 2016 жылдағы сатып алуларды салыстырар болсақ, жергілікті қамту үлесінің мөлшері айтарлықтай өскен. 2015 жылы 11,8% болса, 2016 жылдың 11 айы ішінде 36,9% құраған. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында айтылған жекешелендіру мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Бұл мақсаттың орындалу қарқыны Астанада жақсы, бүгінде 3,5 млрд теңге көлемінде 6 нысан бәсекелестік ортаға берілді», – деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру бизнес үшін негізгі мүмкіндік деп көрсете отырып, бас қаланың әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп 31,5 млрд теңге тұратын 13 жобаны жүзеге асыратындығын жеткізді. 2016 жылы Палатаның қатысуымен 13 сараптама қорытындысы шығарылып, жекеменшік әріптестердің тізімі жасалған.

Сонымен қатар Басқарма Төрағасының орынбасары Кәсіпкерлер палатасындағы маңызды жоба ­– Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына Елордадағы 3,9 млрд теңге сомасындағы 24 инвестициялық жоба енгізілгенін мәлімдеді. Онымен қоса, Кәсіпкерлер палатасы көрсететін қаржылай емес қолдау қызметіне де тоқталды. Астанадағы кәсіпкерлерге  көмек көрсету орталығының қызметіне өткен жылы шағын және орта бизнестің 3229 өкілі жүгініп, оларға 4558 қызмет көрсетілгенін атап өтті.

Басқарма Төрағасының орынбасары мамандар сұранысын анықтайтын автоматтандырылған бағдарлама жасаудың қажеттілігіне де тоқталды.

«Мұндай жүйе ең алдымен мамандарға сұраныстың шынайы көрсеткішін анықтауға, екіншіден,  нарық қажеттілігінің орнын шұғыл толтыруға зор септігін тигізер еді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жеке меншік агенттіктерге тапсырылса...», – деп ұсыныс білдірді Төлеміс Шотанов.

Соңғы жылдары Астанада техникалық мамандық иелері, атап айтқанда құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы сезіледі. Астанада 490,2 мың экономикалық белсенді тұрғындардың 191,3 мың жұмысшысы аталған салаларда еңбек етуде, ал 30,3 мың адам өндіріс саласында, 76,1 мың адам құрылыста, 36,4 мың адам саудада, 48,5 мың адам қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Төлеміс Шотанов бірқатар ұсыныстарды атап өтті. Оның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын мақұлдау процедурасын барынша ықшамдау жұмысын жалғастару, МЖӘ жобаларын мемлекеттік қаржылай қолдау құралын кеңейту, коммуналдық меншіктерді бәсекелестік ортаға беру, бизнесті қаржылай емес қолдауды автоматтандыру, білім беру мекемелері мен бизнестің байланысын нығайту, секілді бірнеше бағыттағы жұмыстарды атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер