astana-view

Шаруаларға арналған бағдарлама

2017 жылғы 16 Ақпан
15767 просмотров

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жарияланды

Аталған құжат жуырда ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген. Осы ҚР АӨК-сін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына және «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес әзірленді.

Осылайша, аталған Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса қажетті түрлері бойынша халықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты айқындауға бағытталатын болады.

Бағдарлама АӨК-ні дамытудың «Агробизнес-2017» бағдарламасы мен Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын интеграциялау негізінде әзірленді.

Бағдарламаның басты мақсаты – нарықтарда сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті АӨК өнімін өндіруді қамтамасыз ету болып табылады.

Бағдарлама міндеттері:

- ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту;

- ішкі нарықты молықтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту;

- мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын тиімді пайдалану;

- су ресурстарын тиімді пайдалану;

- жер ресурстарын тиімді пайдалану үшін жағдайлар жасау;

- ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің техникамен және химияландыру құралдарымен қамтамасыз етілуін арттыру;

- сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту;

- ғылыми-технологиялық, кадрлық және ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету.

Бағдарлама 4 жылға негізделген. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 38%-ға өсуі, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің (көрсетілетін қызметтерінің) 2015 жылдың деңгейіне қарағанда нақты мәнде 30%-ға өсуі, азық-түлік тауарлары экспорты көлемінің 600 млн. АҚШ долларына өсуін, азық-түлік тауарлары импорты көлемінің 400 млн. АҚШ долларына төмендеуі, азық-түлік тауарлары көтерме саудасының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 29%-ға өсуін, суармалы алаңның 1 гектарына арналған суаратын су шығысының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 20%-ға төмендеуі (2015 жылғы 9180 м3-ден 7348 м3-ге дейін төмендеуі), қосымша жерүсті су ресурстарының 2015 жылдың деңгейіне қарағанда 1,9 км3-ге ұлғаюын қамтамасыз етуге бақытталған. 

Айта кетелік, Тәуелсіздік кезеңінде тоғыз бағдарламалық құжат әзірленді, олардың негізінде АӨК саласындағы мемлекеттік саясат іске асырылды: 1991 – 1995 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы, АӨК-ні дамытудың 1993 – 1995 және 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған тұжырымдамалық бағдарламасы, Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың 2000 – 2002 жылдарға арналған бағдарламасы, 2003 – 2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, АӨК-ні тұрақты дамытудың 2006 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы, ҚР АӨК-сін тұрақты дамытудың 2006 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар бағдарламасы, АӨК-ні дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарлама және ҚР АӨК-сін дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер