astana-view

Бірлесіп талқылаудың шешімі ұтымды

2017 жылғы 04 Наурыз
8789 просмотров

IT-мамандар білім беру жүйесін ақпараттандыруды және автоматтандыруды қолдауға дайын

IT-мамандар Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, білім берудің IT-жүйелерге деген сұранысы мәселелерін, атап айтқанда, оқу процестерін автоматтандыру, сондай-ақ «ҚР білім беру мекемелері журналдары мен білім алушылардың күнделіктерінің бірыңғай электронды жүйесі» жобасын «Атамекен» ҰКП алаңында талқылады.

Жиында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, Қазақстан IT компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исин, сонымен қатар еліміздің барлық өңірінен IT саласының 120-дан астам мамандары онлайн-режимде қатысты.  

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов білім беру саласын дамытудың маңыздылығы мен құндылығына баса назар аударып, білім беру мәселелері қоғамдық қызу талқылауда екенін және де білім беру жүйесін ақпараттандыру мен автоматтандыруды қолдауда бизнес тарапының ұсыныстары бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрліктің ақпараттандыру мен бұлтты технологияларға өтудегі негізгі жоспарларымен таныстырып, отандық IT-мамандардың бастамасын талқылауға дайын екенін жеткізді.

IT саласындағы кәсіпкерлер мәселелерді ашық айтып, бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу, ақпараттық мәліметтер базасының қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету, электронды жүйенің контентін сақтауға қатысты шешім мен т.б. бойынша ұсыныстарды ортаға салды.

Айталық, «Greenet» ЖШС Абылайхан Жақанов мектептерге арналған интернетті сүзгіден өткізуге дайын екенін айтты. Мектептегі интернетті тазарту оқушыларды жағымсыз контенттен сақтайды. Министрлік өкілдері IT-секторы бизнесменінің бұл ұсынысын қолдады.

Кездесу барысында «ҚР білім беру мекемелері журналдары мен білім алушылардың күнделіктерінің бірыңғай электронды жүйесі» жобасын енгізу, жүйеде сараптаманы енгізуді оңтайлы шешу мәселелері кеңінен талқыланды.

Бизнес тарапының сауалдары мен ұсыныстарын тыңдаған  білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жеке меншік серіктестікті анықтау бойынша байқау өткізілетінін, жоспарланып отырған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы туралы ақпарат, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын жоспарлау мен жүзеге асырудың ережесіне сай, ресми интернет-ресурсында, өзге де интернет-ресурстарында және мерзімді баспасөз беттерінде жарияланатынын айтты. Әлеуетті жеке меншік серіктестердің қосымша өтінімдерін қарағаннан кейін ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері шақырылатын Комиссия келіссөздер жүргізеді. Министр отандық IT-мамандарды «ҚР білім беру мекемелері журналдары мен білім алушылардың күнделіктерінің бірыңғай электронды жүйесі» жобасына қатысты ұсыныстарын өткізуге шақырды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов жиынды қорытындылай келе, бұл кездесу жалпы IT-саласын дамыту мәселелерін талқылауға арналған ұтымды диалогтық алаң екенін айтып, министрдің IT-қоғамдастығымен кездесуін ай сайын жүйелі түрде өткізуді ұсынды.

Ерлан Сағадиевпен өтетін келесі кездесуге кәсіпкерлік қоғамдастық білім беру мекемелерінің қызметін ақпараттандыру мен автоматтандыруға қатысты ұсыныстарын дайындауға, мұнымен қоса, осы бағытқа жауапты министрлік өкілдерімен бірқатар қызметтік кездесулерді өткізуге келісті.

Еске салсақ, осы жылдың қаңтар айында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан  IT мен эко-жүйе стартабын дамыту жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңес жұмысында отанды IT-саласының өкілдері қатысады. Кеңесте IT-саласының өзекті меселері көтеріліп, талқыланады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер