astana-view

Ақтөбеде жас дизайнерлер тренингтен өтті

2017 жылғы 18 Сәуір
- Ақтөбе облысы
8713 просмотров

«Шебер АРТ» клубының мүшелері мен студенттерге бизнес-тренингтер ұйымдастырылды

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету жөніндегі бөлімнің басшысы Ержан Нұрғалиев «Шебер АРТ» клубының мүшелеріне тренинг өткізді. Тыңдаушылардың басым көпшілігі жас дизайнерлер. Сондай-ақ, семинарға Ақтөбе өнеркәсіптік технология мен басқару колледжінің студенттері де шақырылды. Сондықтан оларға кәсіпкерлік негіздері бойынша өткізілген семинар-тренингтің маңызы айрықша. Қатысушылар келешекте жеке кәсіптерін бастап, АРТ-студия, салон ашуды қалайды.

Тәжірибе алмасу облыстың «Рухиният» музейінің жанынан 2 жыл бұрын құрылған клуб қабырғасында өтті.

Палата бизнес-тренері тыңдаушылардың сауалдарына да жауап берді. Көпшілікті өз ісін ұйымдастыруға қатысты қолдау шаралары, бастаған істі жалғастыру, кәсіпкерлікке баулитын оқыту бағдарламалары қызықтырды.

Бизнес-идеяны сәтті жүзеге асырылғанын көз жеткізу үшін семинарға кәсіпкер Роза Бисекенова шақырылды. Іскер әйел жеке кәсібін ашқан.

«Роза» ательесі түрлі үлгідегі киім тігумен айналысады. Шеберлер ұлттық нақыштағы, ою-өрнекпен көмкерілген киімдерді тігуге баса назар аударады.

Кәсіпкер бизнестегі алғашқы қадамы, қалай дамығаны жайында айтып, тыңдаушыларды жеке кәсіп ашуға ынталандырды. Дәрістен кейін жас дизайнерлер жеке кәсіп бастау үшін мол қаражат қажет деген пікірден арылып, ең бастысы ынта мен өзін-өзі жетілдіру, мақсат қоя білу екеніне көз жеткізгендерін жасырмады.

Музейдің ғылыми қызметкері Айзагүл Жамбылова алдағы уақытта Ақтөбенің табысты кәсіпкерлерімен жиі кездесулер ұйымдастырып, нақты мысал мен дәріс жақсы әсер ететіндігіне атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер