astana-view

Қазақстан бизнесіне Францияның технологиясын пайдаланатын жаңа бағыт керек

2017 жылғы 26 Сәуір
2286 просмотров

Қазақстанда француз капиталы салынған 128 кәсіпорын жұмыс істейді

«Атамекен» ҰКП жанындағы Қазақстанның сыртқы сауда палатасының ұйымдастыруымен Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесі өтті. Кеңеске  «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің француздық тараптан Кеңестің тең төрағасы, «Total Foundation»  Президенті  Ив-Луи Даррикаррер мен қазақстандық тараптан Кеңестің тең төрағасы, «VISOR Capital» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Кәрібжанов және екі ел бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Іскерлік кеңесте «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Қазақстан мен Франция арасындағы  серіктестік қарым-қатынасқа тоқталып, іскерлік байланыс берік орнағанын атап өтті.

«2008 жылы Қазақстан-Франция Кеңесі құрылды. Бұл кеңес екі тараптан да белсенді кәсіпкерлер арқылы тиімді жұмыс істеуде. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2005-2015 жылдар аралығында шамамен 11 млрд АҚШ долларын құрады. Франция Қазақстанға инвестиция құю бойынша 3-орында тұр. Біздің елімізде француздық қаражат құйылған 128 компания сәтті жұмыс істеп жатыр. «Total», «DANONE» секілді бірқатар компанияларды атап өтуге болады. Француздық компаниялар мұнай, газ саласындағы жобаларға көңіл бөліп отыр. Брақ екі ел арасындағы байланыстың ауқымы кең деп ойлаймын. Қытай нарығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне қабылдауға дайын.  Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін компаниялармен жұмыс істей отырып, Ресей мен Қытай нарығына шығуымыз керек. Осы бағытта келіссөздер жүргізуге шақырамын», ­– деді Нұржан Әлтаев.

Соңғы жылдары Франция Қазақстанның сауда серіктестерінің қатарында 5-орында тұр (Ресей, Қытай, Нидерланды мен Италиядан кейін). 2016 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 1,137,165 млн АҚШ долларын құрады, 2015 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз –2,010,450 млн АҚШ доллары болған. 2016 жылы экспорт 1,798,144 млн АҚШ доллары болса, импорт 660,979 мың АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан негізгі экспорттық өнім қатарында: мұнай, металл, химия мен ауыл шаруашылығының өнімдері бар.

Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің француздық тараптан Кеңестің тең төрағасы, «Total Foundation»  Президенті  Ив-Луи Даррикарэр екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты арттыруда аталған жиынның маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар кеңес бизнестегі мәселелер мен жаңа инвестициялық жобалар жайында талқылауға арналатындығын атап өтті.

«Қазақстан мен Франция арасындағы Іскерлік кеңестің құрылғанына 10 жылдай уақыт болды. Екі ел президенттерінің бастамасымен құрылған кеңеске ірі компаниялар кіреді. Жылына екі рет Кеңес отырысы ұйымдастырылып, экономикалық байланыста орын алған мәселелерді шешу жолдары ұсынылады. Франция Қазақстаннан шалғай орналасса да, уран, мұнай экспортталады. Француз технологиясын пайдаланатын жаңа тетіктер табуымыз керек», ­– деді Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Айдан Кәрібжанов

«Total Foundation»  Президенті  Ив-Луи Даррикарэр жетекшілігімен келген 20-дан астам француздық компаниялар Кездесуде екі ел арасындағы іскерлік байланыс мәселесі талқыланды. Француздық компаниялар құрылыс, инжиниринг, мұнай-газ өнеркәсібі, өнеркәсіптік клапан мен фитингтер шығару, көлік және жабдық, қауіпсіздік, консалтинг мен банктік сала бағытында өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Қазақстан Франциядан электрлік, электрондық және механикалық жабдықтарды, тұтынушылық тауарлары мен дәрі-дәрмек, косметика, автокөлік, азық-түлік, құрылыс материалдарын импорттайды.

Іс-шараға қатысушылар адами ресурс, өндірісті шоғырландыру, сондай-ақ, алда болатын «ЭКСПО­–2017» көрмесін, Кедендік одақ мен ДСҰ мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қазақстанға келетін Франция азаматтарының қысқа мерзімді сапарлары үшін (15 күнге дейін) визасыз режим 2015 жылдың 16 шілдесінен 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғанын еске салған жөн.

Франция алғашқы болып ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы ел екенін анықтап, бюджетін белгіледі, сондай-ақ болашақ француздық павильонның Бас комиссарын да тағайындады. П.Лоро аталған павильонның Бас комиссары болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер