astana-view

Нұржан Әлтаев: «Отандық тауарға сұранысты арттыра отырып, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің дамуына дем беру керек»

2017 жылғы 28 Сәуір
7396 просмотров

2016 жылы жеңіл өнеркәсіп, химия, құрылыс пен машина жасау өнеркәсібі салаларында өндіріс көлемі айтарылтай азайған

«Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясының кеңейтілген жиналысында Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің дамуы, ағымдағы сын-тегеуріндері мен келешегі талқыланды.

Жиында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін баяндады.

«2015 жылы химия мен құрылыс өнеркәсібін санамағанда, тауар өндіру айтарлықтай азайған. Мұнымен қоса, 2016 жылы жеңіл өнеркәсіп, химия, құрылыс мен машина жасау өнеркәсібі салаларында өндіріс көлемі айтарылтай азайған. Отандық тауарға сұранысты арттыра отырып, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің дамуына дем беру керек», – деді Нұржан Әлтаев.

Ұлттық палата өкілі елімізде шығарылған тауар сұранысының көрсеткішін арттыру үшін отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына барынша қатыстыру керектігін алға тартты.

«2017 жылға арналған сатып алу жоспарын сараптай келе, 8 сала бойынша сатып алу көлемі 1,5 трлн теңгеге екенін есептеді. Бұл тек тауар сатып алудың көрсеткіші. Бұл көлемнің 1/3 бөлігі (1 трлн теңгеден астам) машина жасау мен металл өңдеу, мұнай өңдеу өнімдеріне тауар сатып алуға арналған. Ең төменгі сома, яғни 12,6 млрд теңге жиһаз сатып алуға жоспарланған. Дегенмен, бұл соманың өзі отандық тауар өндірушілер үші айтарлықтай қомақты», – деп түсіндірді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сондықтан да импортты алмастыру мен бәсекелік қабілетті арттыруды 3 кезеңге бөліп қарастыруды ұсынды:

– Отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары арқылы қолдау.

– Жүйе құрушы кәсіпорындардың отандық тауар өндірушіге қолдау көрсетуі;

– Техникалық жаңғыру, экспортқа шығу.

«Атамекен» ҰКП ең алдымен экономикадағы мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың нақты және әлеуетті рөлін анықтау мақсатында сараптама жүргізген. Оның нәтижесінде сатып алу көлемінің әлеуетін толық пайдалану үшін кәсіпорындарға кедергі келтіретін бірнеше мәселе анықталған.

Атап айтқанда: – ақпарат пен сатып алу жоспарының тұрақтылығы жоқ; сатып алуда бірыңғай әдіс-тәсілдердің қажеттігі; жергілікті қамтуды күшейту; алдын ала біліктілігі бойынша іріктеудің бірыңғай тәсілдерінің қажеттілігі; бірыңғай кодтау тұрақтылығы; заңнамалық өзгертуді қажет ететін мәселелер.

Фракция жиналысында Нұржан Әлтаев жалған өндірушілер мен жалған импорттаушылардың бар екенін назарға алу керек және отандық адал тауар өндірушілерд мен өндірістің бар екенін анықтау индикаторларын қарастыру керектігіне ерекше атап өтті. Осы мақсатта негізгі құралдарды ұсынды:

1) Бірыңғай алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу әлеуетті жеткізушілерге сатып алуларға кедергісіз қатысуға мүмкіндік береді;

2) Орталықтандырылған сатып алу тәртіпке салынған жүйеге ұсақ лоттарды ірі лоттарға біріктіріп, бірыңғай оператор арқылы сатып алуды өткізуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде сатып алу процесін және жергілікті құрам мониторингін айтарлықтай жеңілдетеді;

3) Үлгілік техникалық сипаттама материалдық-техникалық база мен өндірістік қуаттың болуы бойынша талаптарды енгізу арқылы сатып алуларға нақты тауар өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

4) Үкіметтік емес стандарттар өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етеді және ішкі нарықты қорғаудың маңызды «интеллектуалды» құралы болып табылады. Оларды бизнес дайындайды және қабылдайды.

«Сатып алу аясында алынған қаражат өндірушілерге жаңа технологияларды пайдалана отырып жаңа тауар желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді келісімшарт қаржылай қаражат есебінен де, сапалы жоспарлау мүмкіндіктері есебінен де бағаны төмендетуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өнім сапасын арттыруды қамтиды. Біздің түпкілікті мақсатымыз экономикадағы барлық саланың бәсеке қабілеттілігін арттыру. Отандық тауар өндірушілерге тиісті қолдау көрсету мен аталған бастамаларды жүзеге асырсақ, 2021 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13,1%-ға артады», – деді Нұржан Әлтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер