astana-view

Фермерлер мектебі: ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін кооперацияның артықшылығы қандай?

2017 жылғы 04 Мамыр
- Павлодар облысы
6333 просмотров

Ақтоғай ауданының шаруаларына бизнестің табыстылығын қалай арттыру керектігі мен ауыл шаруашылығы өндірушісі үшін кооперацияның тиімділігі неде екені түсіндірілді

«Біздің негізгі мақсатымыз – шаруаларға өз бизнесін жан-жақты дамытуға көмектесу, сондықтан біз басшылар мен шаруалықтағы мамандардың біліктілігін көтеріп, мал шаруашылығын дамытуда заманауи озық әдіс-тәсілдерді қолдануды үйрету», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нариман Рақымжанов.

Шамамен жиырмаға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі мен жеке қосалқы өндіріс мамандары «Ақтоғай-Әділет» ӘКК оқудан өтті. Фермерлерді мал шаруашылығы кооперативіне біріктіру қағидасы мен оның экономикалық тиімділігі түсіндірілді.

Семинарды «Атамекен» ҰКП «Агробіліктілік орталығы ұйымдастырды. Шаруаларға агробизнесті жүргізудің озық тәсілдері мен тиімді жүргізу әдістерін үйретуді мақсат тұтты. Оқыту процесі теориялық және практикалық бөлімнен тұрады.

«Агробіліктілік орталығының» сарапшысы Мырзахмет Өксікбаев тыңдаушыларға мал шаруашылығындағы шетелдік және отандық үздік мысалдар арқылы түсіндірді. Экономикалық тиімділіктің заманауи технологиясы мен ауыл шаруашылығындағы жеке қосалқы өндірістерді өндірістік кооперативтерге біріктіру арқылы арттыру тәсілдері таныстырылды.

«Ақтоғай-Әділет» ӘКК төрайымы Эльмира Мыңғышева өз тәжірибесімен бөлісіп, ауыл шаруашылығында өндірістік кооператив құрудың қиыншылығы туралы айтты. Тәжірибелі маманның айтуынша, орын алған қиындықтарды Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен еңсерген. Сонымен қатар ӘКК артықшылықтары, мемлекеттік қолдаудың басымдықтарына тоқталды, себебі бүгінде мал шаруашылығын дамытуда әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативтеріне артықшылық беріледі.

Оқыту семинарының аясында тыңдаушылар «Ақтоғай-Әділет» ӘКК барып, сүт жинау мен сақтаудың технологиясымен танысты.

«Ақ ниет», «Аят», «Жиырма бес», «Қайшенов» шаруа қожалықтарының басшылары танымды, пайдалы ақпарат бергені үшін оқыту семинарының жақсы өткізілгеніне алғыстарын білдірді.

Кәсіпкерлер палатасы агроөндіріс кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жомар Сембаев Палатаның ықпал етуімен 50 ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылғанын қатысушылар назарына салды.

«Кооператив құрған кезде шаруалардың алдынан көптеген сауалдар шығады. Палатаның мақсаты барынша кеңес беріп, әрбір мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру», – дейді Жомарт Сембаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер