astana-view

Бизнес-омбудсмен – қарымы мол, қауқары зор институт

2017 жылғы 01 Маусым
8586 просмотров

Бизнес-омбудсмен аппаратының қызметін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің құқықтық мәртебесі  «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының 26-1-бабына сәйкес, ҚР Кәсіпкерлік кодексімен айқындалады.

2014 жылдың 29 желтоқсаны күні «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы Бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі, тағайындау тәртібі және міндеттері, сондай-ақ оның қызметін ұйымдастыру туралы нормалармен толықтырылды.

2016 жылдың 1 қаңтарында Бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесі 28-тарауда егжей-тегжейлі қамтылған Кәсіпкерлік кодексі қолданысқа енгізілді.

Бизнес-омбудсмен – Қазақстан үшін жаңа институт. Оның биік мәртебесі мен кең өкілеттілігі қазақстандық бизнестің жүйелік мәселелерімен, шенеуніктердің өктемдігімен және заңнаманың жетілдірілмеген тұстарымен тиімді күресуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда омбудсмен институты 50-ден астам елде бар. Посткеңестік кеңістігінде бизнес-омбудсмен институты Украинада, Грузияда, Ресейде жұмыс істейді. Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бизнес-омбудсмен институтын бекіту туралы жарлыққа қол қойды.

Президенттік  республикаларда, үкімет тікелей президенттің алдында есеп беретін елдерде, омбудсменді президент тағайындайды. Мысалы, Ресей Федерациясында бизнес-омбудсменді президент тағайындайды.

Сол секілді Қазақстанда да бизнес-омбудсмен қызметке Елбасының бұйрығымен тағайындалады және Президентке ғана есеп береді. Оған қоса, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге Кәсіпкерлік кодексінде қарастырылмаған міндеттер жүктеуге ешкімнің құқы жоқ. Оның қызметіне заңсыз қандай да бір араласуға жол берілмейді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Өкімімен 2016 жылдың 19 ақпанында Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалды.

Өз өкілеттілігін жүзеге асыратын 4 жыл мерзім ішінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің саяси қызметпен айналысуға құқы жоқ, сондықтан саяси партиялардағы және басқа да қоғамдық бірлестіктердегі мүшелігін тоқтатады.

Бизнес-омбудсменнің басты міндеттеріне кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін таныстыру, қамтамасыз ету қорғау мен олардың өтініштерін қарау жатады. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің ресми сайты жұмыс істейді. Уәкілдің атына келіп түскен әр өтініш бақылауға алынып, оны Бизнес-омбудсмен аппаратының қызметкерлері қарайды. Бір де бір өтініш заңдық түсіндірмесіз және жауапсыз қалдырылмайды.

Атамекен ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев «Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкілдің басты міндеті – мемлекеттік органдардың заңсыз араласу әрекеттері мен әкімшілік кедергілер орын алған жерлердегі проблемалардың алдын алу. «Атамекен» ҰКП осы саладағы қажетті мәліметтерге ие болғандықтан, омбудсменнің жұмысына барынша жәрдемдесетін болады», - деп, Ұлттық палата мен Бизнес-омбудсменнің бірлесе жұмыс атқаратынын атап өткен.

Бизнес-омбудсмен кең ауқымды өкілеттіліктерге ие:

  • мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар енгізуге; сондай-ақ заңға қосымша нормативтік құқықтық актілерді тоқтату туралы ұсыныстар жасауға;
  • мемлекеттік органдарға (лауазымды тұлғаға) солардың әрекетінен (әрекетсіздігінен) құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келген кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын орнына келтіру туралы ұсыныстар жіберу, соның ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келуіне кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту;
  • мемлекеттік органдардың пікірімен келіспеген жағдайда, прокуратура органдарына кәсіпкердің нұқсан келген құқықтарын қайта қалпына келтіру мақсатында өтінішхат жібере алады;
  • заңмен қорғалатын мемлекеттік, коммерциялық, банктік және басқа да құпия саналатын мәліметтерді санамағанда, мемлекеттік органдардан (лауазымды тұлғалардан) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты ақпараттарды, құжаттар мен материалдарды сұрата алады;
  • бизнес-қауымдастықтың атынан сотқа арыз беруге;
  • кәсіпкерлік субъектілерінің нұқсан келген құқықтары мен заңды мүдделерін қайта қалпына келтіруге бағытталған басқа да шараларды қолдануға.

Сондай-ақ, егер кәсіпкерлердің құқықтарына нұқсан келу жүйелік сипатта болса және мәселені мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін болмаса, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өтінішті Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуге құқылы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер