astana-view

Елдегі автожолдың сақталуы күн тәртібіне шығарылды

2017 жылғы 16 Тамыз
8503 просмотров

Жүк тасымалдаушылар жолдың сақталуы мен нарықта тең құқық берілуін қолдайды

«Атамекен» алаңында көлік саясатын дамыту мәселесі жөніндегі Жұмыс тобының отырысы өтті. Бұл Жұмыс тобы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы мен ҚР Инвестициялар және даму министрінің басшылығымен экономика салаларындағы өзекті мәселелер бойынша Жиын хаттамасын орындау мақсатында 2017 жылдың 6 маусымында құрылған еді.

Автокөлік жолдарын сақтау мен «Автомобиль көлігі» туралы заңға «бөлінбейтін жүк» түсінігін енгізу мәселесін талқылауға арналған жиынға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков, ҚР ИДМ  Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғылымов, «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Бағдат Телтаев, «Kazlogistics» Қазақстан көлікшілері одағы» бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Қазақстан құрылысшылар одағы, секілді салалық компаниялар мен қауымдастықтардың өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнестің мұдделі тараптары қатысты.

«Бұл мәселе 2014 жылдан бері Ұлттық палата алаңында, «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау комитетінің отырысында, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, салалық қауымдастықтарда талқыланып, өңірлерде сауалнама жүргізілді, Шешім қабылдау үшін ортақ пікірге келу керек», ­– деді «Атамекен» ҚР Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов.

ҚР ИДМ Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Қазақстандағы автокөлік жолдарының жай-күйі туралы ақпарат берді.

«Елімізде жалпы қолданыстағы автожол ұзындығы 96 мың шақырым, оның ішінде 24 мың шақырым жолдың республикалық мәні бар. Республикалық желінің басым бөлігі үшінші санатқа жатады. Бүгінде осы жолдардың 44% жақсы жағдайда, ал 41% қанағаттанарлық болса, 15 пайызы көңіл көншітпейді. 2010-2016 жылдар аралығында автокөлік жолдарын жөндеуге шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Оның 650 млрд теңгесі халықаралық қаржы институттарынан берілді. Оның есебінен 2-3 мың шақырым жол қайта құрылып, 7 мың шақырым жол жөндеуден өтті», ­– деп хабарлады Амангелді Беков.

Жиын барысында ҚР ИДМ Көлік комитеті Автомобиль көлігіндегі бақылау басқармасы Талғат Оспанов 2017 жылы жүргізілген көлік бақылауының мәліметтерін хабарлады.

«Елімізде күн сайын 32 пост автокөлік құралдарын тексереді. Көлік бақылау органы 2017 жылдың 7 айында салмағы ауыр автокөлік құралдарының 26 254 заң бұзушылығын тіркеген, оның ішінде 10 668 – салмақ параметрлерін асырғаны үшін, 8 979 габаритті асырғаны үшін тіркелсе, 6 607 жағдай салмағы мен ауқымы бірдей асырған. Сонымен қатар салмағы ауыр және ірі габаритті автокөлік құралдарының қозғалысы үшін автокөлік құралының сипатына немесе жүк түріне қарамастан 7 түрі бойынша арнайы рұқсаттама беріледі», ­– деді Талғат Оспанов.

Қазақстанда 484 мың жүк автокөлігі құралы тіркелген. 2016 жылы Қазақстан аумағы бойынша ауыр салмақтағы автокөліктің жүруіне арнайы рұқсаттама берудің экономикалық тиімділігіне жасалған талдауда төлем сомасы бюджеттен жұмсалатын қаражаттан біршама аз екенін анықтаған. Айталық, ауыр жүк көліктерінің қозғалысына берілген рұқсат қағазы ел бюджетінен бөлінген қаражаттан 524 есе аз. 2016 жылы мемлекеттік бюджеттен автожолды қайта құру, жөндеу және салуға 368 млрд теңге бөлінген. Бірақ та, жол бұзылуы әлі де жалғасып отыр.

«Республикалық мақсаттағы жолдардың 30% үшінші техникалық санатқа жатады. Қазақстан жолы ғылыми-зерттеу институты соңғы 10 жылда автокөлік жолындағы қозғалыстың қарқындылығын жүйелі түрде бақылап келеді. Егер 10-12 жыл бұрын еліміздегі жол қозғалысының орташа қарқындылығы 15-18% болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш күрт өзгерген. Жол тез бұзылады, ал қайта жөндеудің шығыны көп», –­ деп түсіндірді «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институтының президенті Бағдат Телтаев.

Ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше салмағы ауыр автокөлік құралдары қозғалысының жиілігі оське түсетін жүк-салмағының өсуіне алып келеді, бұл еліміздегі автожолдардың жөнделуіне көп мөлшерде қаражат бөлуді талап етеді. Жыл сайын республикалық бюджеттен жол жөндеуге қомақты бөлінеді.

«Kazlogistics» Қазақстан көлікшілері одағы» бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев те елімізде бір осьтегі жүк салмағы бекітілген 10 тоннадан аспауы керектігін атап өтті. Қабылданған норма ЕАЭО  елдері мен АҚШ-тың да ережесіне сай келеді.

Жұмыс тобының отырысында видео-байланыс орнатылып, өңірдегі автожол мен автокөлік мамандары да талқылауға қатысты.

«2014 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстанның жолдарына баға берді, оның мәліметінше 105 млрд доллар. Сондай-ақ, сол жылы арнайы жұмыс тобы құрылып, еліміздегі автожолдардың 78%-ын жөндеу керек деген ұйығарымға келген. Әр өңірде жолдың құны қанша, қаншалықты жөндеуді қажет ететіндігі туралы нақты мәлімет берген орынды», ­– деді Қазақстан автокөлікшілер одағының атқарушы директоры Сәбит Аманбаев.

Халықаралық автокөлік тасымалдаушылар одағының бас хатшысы Теодор Каплан бөлінбейтін жүкке арнайы рұқсат берудің қажеті жоқтығын ортаға салды.

«Жолда бақылау жоқ, дұрыс емес бәсекенің көбеюіне себеп болатын сыбайлас жемқорлық артып келеді. «Түпсіз құдық» секілді көріп, бюджеттен ақша бөліп, жол жөндейміз, саламыз. Бірақ ауыр жүк көлігі өзінің салмағымен бүгін салынған жолды ертесінде-ақ бұзады. Бұл барлығына аян. Жолдың 99% бөлінбейтін жүкке арнайы рұқсат беруден бұзылады. Көлік иесі долдың оннан бір бөлігін төлейді де толық жүріп өтеді», ­– деді Теодор Каплан.

Қазақстан автокөлік кәсіпорындары өкілдерінің пікірін білдірген Теодор Каплан «бөлінбейтін жүк» нормасын енгізу өздігінен жүк түсіретін көлік иеленетін кәсіпкерлерге қаржылай салмақ түсірмейді, себебі нысан құрылысының жобалық сметасында құрылыс материалдарын жеткізу шығыны қоса есептелген. 2013 жылы «бөлінбейтін жүк» ережесін алып тастау жосықсыз жеткізушілердің көбеюіне соқтырды, олар пайда көруді көздеп, қоғамдық пайдаланудағы автожолдарды бұзып келеді.

Талқылау барысында Қазақстан автокөлікшілер одағының Басқарма Төрағасы Серік Әлиғұжинов арнайы рұқсаттаманы салмағы ауыр және габаритті жүкке тек «бөлінбейтін» тасымалға енгізуді қолдады.

«Бүгінгі көтеріліп отырған мәселені көптеген алаңда талқыладық. Ғылыми-зерттеу институттары тарапынан ұсыныс беріліп келеді. Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, оське түсетін салмаққа қатысты мәселеде қабылданған шешімнің кұшін қою қажеттілігін ұсынған. Ал бөлінбейтін жүкке қатысты айтар болсақ, арнайы рұқсатқа сәйкес қолдану керектігін түсінікті. Егер шешім қабылданбаса, осы мәселе жоғары жақта талқылауға мәжбүрліміз. Елімізде орын алып өзекті мәселе», ­– деді Серік Әлиғұжинов.

Еске салсақ, биыл 29 маусымда «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп көлік бақылауы саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупі мәселесі қарастырылды. Оның қорытындысы бойынша ҚР ИДМ Көлік комитетіне тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігі Ұлттық палатамен келісіп, көлік бақылау саласында сыбайлас жемқорлық қаупін жою бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті.

Жұмыс тобының қатысушылары жиынды қорытындылай келе, автожолдарды сақтау бойынша шаралар қабылдау керектігін, көлік құралдарының бекітілген салмақ параметрлерінің сақтауын, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі заңнама жобасына ауыр салмақты және ірі габаритті жүк тасымалында арнайы рұқсатты тек «бөлінбейтін жүкке» беру нормасын енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы вице-министр Роман Скляр қолдады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер