astana-view

Жаңақорған ауданы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың тетігін тапты

2017 жылғы 22 Тамыз
- Қызылорда облысы

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» атты бастаманы қолға алды. Бұл туралы аудан әкімі Ғалым Әміреев Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілген БАҚ-қа арналған брифингте айтты.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде Жаңақорған аудандар арасында кәсіпкерлікті дамытуда көшбасшы. Биылғы жылдың 7 айының өзінде ауданда 315 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ауданда жұмыс жасайтын 3141 кәсіпкерлік субъектісінің 1889-ы жеке кәсіпкерлер. Онда жұмыс жасайтын азаматтардың саны 9213 адам.

Ғалым Әміреев әсіресе, «Атамекен» ҰКП қолға алған жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау Бизнес» жобасының тиімділігіне ерекше тоқталды.

«Биыл ауданда 179 адам осы жоба бойынша біліктілігін жетілдіреді деп жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін олардың 90-ы оқуын тәмамдады. Қазір ауданда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы жалпы құны 161,6 млн.теңгені құрайтын 75 азаматтың жобасы іріктеліп, тізімі қалыптастырылды. Нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», – дейді аудан басшысы.

Брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған өңірдегі теңдессіз бастаманы таныстырды. Ауданда биыл пилоттық режимде кәсіппен айналысамын деген азаматтарға уақытша тегін жер үлестірген. Ол үшін аудандық бюджеттен арнайы қаржы бөліп, Жаңақорған кенті аумағынан 50 гектар жерді қоршап, пайдалануға әзірлеген. Сосын іске икемі бар деген ауданның 12 азаматына 0,5-2 гектарға дейін аталмыш жерді бөліп беріп, аяқ су мәселесіне дейін шешіп берген. Аудан әкімдігі осы азаматтарды мамандар шақыртып оқытып, біліктілігін жетілдіреді. Жобаға қатысушы азаматтар 1 гектар жерге 130-150 мың теңгеге жуық қаржы салып, нәтижесінде 700 мың – 1 млн.теңгеге дейін табыс тапқанын айтуда.

Брифингте аудан әкімі мұндай қадамға азаматтардың жеке кәсіппен айналысуға деген қызығушылығын арттыру үшін барғандығын жеткізді. Ол үшін кәсіппен айналысқысы келетін азаматтардан ешқандай құжат, қаржы талап етпей, жерді уақытша пайдалануға берген. Аудан басшылығы нәтижесін көргеннен кейін бастаманы одан әрі жалғастыруды жоспарлауда. Бастамаға «Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» атауын беріп, жүзеге асыру механизмдерін де ұсынып отыр. Бастамаға қатысушылар жерді уақытша пайдалана алады немесе аукцион арқылы сатып ала алады. Сатып алғысы келетін азаматтар үшін:

Бірінші қадам, резервте тұрған кент аумағындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто дәлізіне жақын орналасқан аумақтан аукционға шығару.

Екінші қадам, аукционға қатысу үшін облыстық, жергілікті БАҚ-да жарияланған хабарламаға сай өтінім, кепілдік жарна төлем құжаты қажет.

Үшінші қадам, екі жақты меморандумға отырып, кәсіпкер ретінде аудандық кірістер басқармасына тіркеледі.

Төртінші қадам, инвестордың пайда табуына қолайлы жағдай жасалады.

Бастаманың ерекшелігі – аудан әкімі өзі бас болып әлеуметтік желіде онлайн режимде кеңес беруге әзір, яғни әкімшілік кедергі жоқ.

Брифингті қорытындылаған Ғалым Әміреев «Идеядан іске асыруға дейін жұмыс жасайтын боламыз», - дей келе, бастамаға қызығушылық танытқан азаматтарды бірге жұмыс жасауға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер