astana-view

Бизнес Жер қойнауы туралы кодекстегі қолданылмайтын шараларды алып тастауды ұсынды

2017 жылғы 05 Қыркүйек
6129 просмотров

ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің жобасын түзету қажет

5 қыркүйекте «Атамекенде» Ұлттық палата Төралқасы жанындағы Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің 18-отырысы өтті.

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің Төрағасы Николай Радостовец, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Елдос Рамазанов, сондай-ақ қауымдастықтар мен жалпы бизнес өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Николай Радостовец күн тәртібіне қойылған негізгі тақырыптарды таныстырды. Талқылауға ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің жобасы, ҚР Салық кодексінің жаңа жобасына қатысты сұрақтар, ҚР электр энергиясы секторын 2050 жылға дейін дамыту жобасының таныстырылымы және тағы басқа да мәселелер шығарылды.

«Екі кодекс (жер қойнауы мен салық - ред.) қатар қаралып жатыр, екеуі де Үкіметке қайтарылды. Жұмыс тобы өте үлкен қиындықпен өзгертулер енгізді. Бұл кодекстер өзара байланысты және Қазақстандағы жер қойнауын пайдалануды жаңарту, осы салаға инвестиция құю, геологиялық барлау үшін қаражат табу, жаңа кен ошақтарын іздестіру, кен орнын, комбинаттарды ашу, сондай-ақ жаңа өнімнің пайда болуын мақсат тұтып отыр», - деп нақтылады Николай Радостовец.

Спикер маңызды мәселе Жер қойнауы туралы кодекс геологиялық барлауға еркін келіп, құқық алуға мүмкіндік беруі қажет екенін атап өтті.

«Барлық мәселеде «Атамекеннің» өз ұстанымы бар. Жер қойнауы мен салық кодекстеріне қатысты жұмысты жалғастыру қажет деп есептеймін», - деді Елдос Рамазанов.

Еске салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Премьер-министрінің канцеляриясына Кодекске қатысты тұжырымдамалық ұсыныстарын жолдады. Ұсыныста жұмыс істеп отырған кәсіпорындар мен жаңа инвесторлардың қызметі үшін бірдей жағдай жасау, жер қойнауы саласындағы әкімшілік және рұқсатнамалық процедураларды қысқарту, салалық және салық заңнамасын сәйкестендіру, жер және экологиялық заңнамаларды жетілдіру секілді негізгі бағыттар қамтылған.

Николай Радостовец жұмыс тобының отырыстарында Ұлттық палата өз ұстанымы мен қолдауын білдіріп отырғаны үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, жиын барысында жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық, үстеме пайда үшін салықты алып тастауға қатысты шешілмеген мәселелер көтерілді, сондай-ақ техногендік минерал түзілу мәселесі де әлі шешімін таппады. Жиынға қатысушылар салық салуда тұрақтылық қажеттілігіне баса назар аударды.

«Салық кодексі бойынша біз оны мүлдем өзгерте алатындай жағдай қалыптасты. Өзін-өзі реттеу ұйымын алсақ, біз оны жасай аламыз, себебі бұл ең алдымен бізге қажет. Барлық жағдайды мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әділ қарастыруға да мүмкіндік бар», - деп пікір білдірді «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағы» Қауымдастығының Төрағасы Владимир Дворецкий.

Елдос Рамазанов ҚР Салық кодексінің қазіргі жобасында бастапқы нұсқамен салыстырғанда айтарлықтай өзгертулер енгізілгенін атап өтті.

Жиын барысында SEEPX Energy Limited өкілі Олег Архипкин ҚР электр энергетикасын 2050 жылға дейінгі дамыту жобасын таныстырды. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстың есебін берді.

Қатысушылар жиынды қорытындылай келе жер қойнауын пайдалану мен салық заңнамаларын жетілдіру, тау-кен өндіру мен тау-кен металлургия кәсіпорындарын дамытуға ықпал ететін шараларды қабылдауға қатысты жұмыстарды жалғастырудың қажет екенін ерекше атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер