astana-view

Оқы, оқы және оқы: Еурокодтарды енгізудің қауіптілігі қандай?

2017 жылғы 06 Қазан
8410 просмотров

Құрылыс салас өкілдерінің қояр сауалы көп

5 қазанда «Атамекен» алаңында Қазақстанда Еурокодтардың енгізудің таныстырылымы өтті. Ұлттық палатаның осындай іс-шара ұйымдастыру бастамасын уәкілетті орган қолдап, құрылыс саласындағы кәсіпкерлер назарына ұсынды.

Жиынға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-шаруашылық істері жөніндегі комитет басшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «Мемсараптамасы» РММ, жоғары және орта білім беру мекемелері, оның ішінде ғылыми ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар құрылыс саласына тікелей қатысы бар – сәулетші, жобалаушы, инженер, сарапшы және басқа да мамандар шақырылды. Қазақстанның 14 өңірі мен Астана, Алматы қалаларындағы өкілдер бейне-мәжіліс арқылы тікелей байланыста қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов жиналыста көтерілетін мәселеге бизнестің 200-дей субъектісі қызығушылық танытқанын айтып, бұл әлі бастамасы ғана екеніне назар аударды.

«Бүгінде «Атамекеннің» міндеті Еурокодтарды енгізу процесі бойынша еліміздің құрылыс саласы өкілдерін барынша хабардар ету. 2020 жылы аяқ астынан орын алған жағдай секілді болмас үшін ақпараттық жұмыс басталып кетті», – деп түсіндірді Елдос Рамазанов.

Сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр алғы сөзінде Еурокодтарды енгізу жағдайын түсіндіріп өтті.

«Еурокодтарды енгізу барысында халықаралық тжірибеге сүйенеміз, брақ өзіміздікін де ұмыт қалдырмаймыз. Еурокодтарға өту құрылыс саласының тіршілігін қиындату емес, қайта қосымша мүмкіндіктер береді. Бірыңғай стандарттар мен ілгерілеуге келу қажеттілігі туындады. Бізде ұлттық қосымшаларда көрсетілген өз ерекшеліктеріміз де бар», – деді Роман Скляр.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директорының кеңесшісі Миркен Абақанов жаңа жобаны теориялық түрде таныстырып өтті. Еурокод деген не, ол қай елдерде қолданылады, оның артықшылығы мен басымдығы қандай деген сауалдарға жауап берді.

«Еурокодтар негізгі құрылыс материалдарының (бетон, болат, ағаш, тас, кірпіш, алюминий) барлығын, құрылымды жобалаудың барлық саласын (құрылым жобалаудың негізі, жүктеменің барлық түрі, өрт ықпалы, геотехника, сейсмикаға төзімділік), құрылым типтерінің ауқымды спектрін (ғимарат, көпір, мұнара мен діңгек) қамтиды және ғимарат жобалауының барлық типтері мен халық шаруашылығының барлық саласының құрылымына таралады. Ерекше жауапты құрылыс нысандарын (атом электр станциялары, гидротехникалық құрылымдар) жобалағанға да қатысты», – деп түсіндірді Миркен Абақанов.

Қазақстан 2010 жылдан бастап құрылыс саласында Еурокодтарға өтудің жұмыстарын бастаған. Ремформа ҚР құрылыс саласының техникалық реттеу жүйесін қозғайды, оның барлық құрамдас бөліктерін қамтиды, атап айтқанда нормативті-техникалық, құқықтық базасы, бақылау мен қадағалау жүйесі, сәйкестік бағалауы мен баға белгіленуіне қатысы бар.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директорының орынбасары Ералы Шоқпаров бизнес тарапынан қойылған Еурокодтар тәжірибе жүзінде қалай қолданылады, құрылыста 1 шаршы метрі қаншаға қымбаттайды, салыстырмалы нормативтер мен есептеулер секілді сауалдарға жауап берді.

Бұл реформаның басты мақсаты – қатаң тағайындалған тәсілден нормалаудың икемді параметрлік әдісіне өту. Осы жылдың соңына дейін кеңес кезеңінен бері қолданылып келе жатқан, 1992 жылға дейін жалпы құрылыс мәселесін бойынша дайындалған құрылыстың 186 нормасы мен ережесі алынып тасталады. Еурокодтарға өту бойынша қажетті іс-шараларды жүзеге асырғаннан кейін қалған құрылыс нормасы мен ережелерін «1992-2010 жылдарда жасалған 70 бірлік) 2019 жылдың соңына дейін алып тастау жоспарланған.   

Басқосу барысында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасынан зертханаларды еуростандарттар бойынша аккредиттеуден өткізуге мемлекеттік органдар дайын ба деген сауал қойылды.

«Еурокодтар ауқымды саланы қамтитындығын ескере отырып, біздің органдарда аккредиттеудің халықаралық үлгісі бар. Қазір нақты жауап беру қиын, дегенмен бұл жұмыс негізі басталды, жарты жылдан кейін Қазақстанда толық аккредиттеуден өткізуге болады», - деп түсіндірді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Багман Көлбаев.

 

Қайта оқытуды ұйымдастыруға қатысты сауал да көтерілді.

«Еурокодтарды интернетте көпшілікке ашық жариялай ма, оны таба аламыз ба? Мемлекеттік тілге және орыс тіліне бірыңғай өте ме? Мамандарды қайта оқыту мәселесі қандай, қаншалықты шындыққа жанасады?» - деп сауал қойды «СанТехТеплоСревис» ЖШС өкілі, тараздық кәсіпкер.

«Техникалық реттеу жөніндегі комиттетің ведомствоға бағынышты құрылымының сайтынан нормативтік құжаттармен танысып, жүктеп алуға болады. Ал екінші сауалға келсек, Еурокодтар 2015 жылдың шілде айынан бері енгізілген, бұл нормалар қатар қолданылды. Мамандарды «ҚазҚСҒЗИ» АҚ арқылы қайта оқыту қажет», –деп түсіндірді Миркен Абақанов.

Елдос Рамазанов бұл мәселеде озық болу керектігін айтты.

«Біз жобалау мамандарын дайындау, қайта оқытуда озық ойлауымыз керек. Оқыту тек жобалаушыларға қатысты емес одан кейін құрылысшылар, техникалық қадағалау және инжинирингтік компаниялардың өкілдері де өту керек», – деп атап өтті Басқарма Төрағасының орынбасары.

Жиын соңында «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің арсында Еурокодтардың енгізілуі бойынша құрылыс саласының өкілдеріне кең ауқымды ақпарат таратудың іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

«Әлі де жауабы жоқ сауалдар өте көп болғандықтан, «Атамекен» бизнес қоғамдастықты осы салаға қатысты ақпараттандыру жұмыстарды жалғастыра береі. Ұлттық палата уәкілетті орган мен «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бірлесіп Еурокодтарды енгізу мәселесіне қатысты сауалдарға жауап беруге, жұмыс істеуге дайын»,– деп тұжырымдады Елдос Рамазанов.

Анықтама:

Құрылыс саласының жоғары оқу орындары берген ақпаратқа сүйенсек, елімізде 40 ЖОО маман дайындайды, 2017-2018 оқу жылында Еурокодтарға өтуге орай оқу бағдарламасына жобалау бойынша негізгі немесе факультативтік курс енгізілмеген. Мұнымен қоса, мысалы Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті тиісті тәртіптемені 2018 жылы қосуды ойластырған. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде тек магистратуралық деңгейде 2 жыл курс оқытылады. Қалғандары Еурокодтардың мәні туралы ақпарат алмаған немесе осы бағытта мүлдем жұмыс істемеген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер