astana-view

Француздар Батыс Қазақстанда ынтымақтастық орнатуға ниетті

2017 жылғы 12 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
6081 просмотров

Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасында Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ Орал бизнесмендерімен кездесті

Бизнес-қоғамдастықпен кездесу алдында Франция елшісі Батыс Қазақстан өңіріне алғаш рет келіп отырғанын жасырмады. Басты мақсат – жаңа өңірді көріп, мәдениетімен, тарихымен танысып, кәсіпкерлік саласында да  ынтымақтастық әлеуетін зерделеу. Сондықтан елші бизнесмендермен кездесу барысында қатысушылардың әрқайсын мұқият тыңдады.

БҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Әнуар Ниетқалиев өңір туралы толық ақпарат беріп, жақсы дамыған салалар жайлы мағлұмат берді. Машина жасау, туризм, экология, сәулет, құрылыс, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені – осы секторлар бойынша Франция әлемдік аренадағы үздіктер бестігінде. Сондықтан облыста аталған салаларда ынтымақтастық орнатуға қызықтыруға болады.

«Облыста машина жасау дамыған. Ең алдымен бұл салаға адами капитал мен ресурс керек. Өңірде 10 компания бар. Егер машина жасау туралы айтар болсақ, сіздердің Азия елдерінде шоғырлануға ниет білдіріп отырған Renault компанияларыңыз танымал. Сондықтан дайындалып жатқан индустриялық аймақта біз осы мәселені қарастырғымыз келеді. Туризм саласын дамытуда білім беру, мәдениет, экономика саласында Ашық есік күндеріне бастама көтеру ойда бар. Яғни бір айды таңдап, білім беру және басқа да салалардың өкілдері, бизнес-қоғамдастық өзіңіздің басқаруыңыздағы француз делегациясымен тұрақты кездесулер ұйымдастырылса деген ұсыныс бар», - деді Әнуар Ниетқалиев.

«Сіз Францияда ірімшіктің 400-ден астам түрі бар екенін айттыңыз. Таяуда біз тауар айналымына талдау жасадық, онда тиімді  47 тауар, өндіріс анықталды. Оның біреуі – сүт өнімдерін шығару. Біз батыс Қазақстанда жер учаскесі мен цехы бар 4 серіктесті іріктеп алдық. Қазір шаруа қожалықтары құрылып жатыр, осыған орай бірлесіп талқылайтын ұсыныстарымыз да бар», - деді БҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы.

Өз кезегінде БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Марат Нұрқуатов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеттері туралы баяндады. Ол инвесторлардың қатысуын күтіп отырған нақты жобалар енгізілген кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын таныстырды.

«Атамекеннің» Қазақстандағы экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған талпынысымен таныспын. Сондықтан Осындай өңірлерді көріп, нақты қандай жобалар бар, ахуал қандай екенін өз көзіммен көруді шештім. Біз Қазақстанмен стратегиялық серіктеспіз, Франциямен ынтымақтастық үшін көп мүмкіндіктер бар. 2018 жылы серіктестіктің 10 жылында өте қарқынды жұмыс істеп, Оралда ынтымақтастыққа жаңа серпін береміз деп ойлаймын», - деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер