astana-view

«Жасампаз» консорциумын мемлекеттік ұзақмерзімді тапсырыстан айырмайды

2018 жылғы 17 Қаңтар
10960 просмотров

«Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ кәсіпорындармен ұзақмерзімді келісімшартты орындауға қатысты жұмысты жалғастырады

Кәсіпкерлер консорциумның құрамына кіретін өңдеу өнеркәсібінің 44 кәсіпорнының мүддесін қорғап, 5 мыңға жуық жұмыс орнын сақтап қалды.

«Мәселе шешілді, Қорғаныс министрлігінің қажеттілігі үшін тапсырысты орындауға қатысты ұзақмерзімді келісімшарт күшінде қалады. Осы мәселе отандық тауар өндірушілердің пайдасына шешілгені үшін он үш өңірдегі өндірушілердің, тоқымашылардың, аяқ киім тігушілердің, тері илеушілер мен әскери жарақ дайындаушылардың, сондай-ақ бас киім тігушілер мен басқа да өндірушілердің атынан Үкіметке, мемлекеттік органдарға, депутаттарға, БАҚ өкілдеріне зор алғыс білдіремін. Біз мәселені анықтап, шешуге, кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты ауқымды жұмыс атқарған «Атамекен» ҚР ҰКП басшылығына, барлық департаменттерге ризашылығымызды білдіреміз», - деді «Жасампаз» консорциумының мүшесі Сәуле Шәуенова.

Консорциум қатысушыларының айтуынша, келісімшартты сақтау алдағы уақытта кәсіпорындардың өндірісті дамытуға, инвестициялық міндеттесін орындауға, импорт алмастыруды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын сақтау және ашуға бағытталған жұмысын атқаруына мүмкіндік береді.

«Ең бастысы, бұл жұмыс Елбасының Жолдауындағы экономиканы дамыту мен өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге бағытталған тапсырмасына сәйкес орындалып отыр», - деп атап өтті Сәуле Шәуенова.

Еске салсақ, «Жасампаз» консорциумы ­– мемлекеттің қорғаныс саласындағы, яғни Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне қажетті зат мүліктерін өндіруге қатысты тапсырысты ұзақ мерзімде орындаушы. 2018 жылдың қаңтар айында тапсырыс операторы – «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ консорциумға бір жақты тарапта келісімшартты жедел бұзу туралы хабарлама жіберген.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәжілісінде кәсіпкерлер келісімшартты бұзу «қағаз түрінде» екенін айтты, себебі мемлекеттік тапсырыс берушінің тарапынан оларға өндірістік және заттай мүліктік тапсырысқа қатысты шағым түспеген. Сонымен қатар консорциум өкілдерінің айтуынша оператор кәсіпкерлердің құқығына шектеу қойып, кәсіпорындар мен өндірісте жұмыс істеген қызметкерлердің қызметіне қауіп төндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер