astana-view

Тимур Құлыбаев: Мұнай және энергетика саласының халықаралық дәрежедегі мамандары Қазақстанда дайындалуы керек

2018 жылғы 26 Қаңтар
- Алматы қаласы
10805 просмотров

Әлемдік энергетика корпорациялары отандық жоғары оқу орындардың базасында маман дайындауға жағдай жасауда

26 қаңтарда Алматыда KAZENERGY қауымдастығы Кеңесінің 22-көшпелі отырысы өтті. Жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.

Кеңес отырысын ашқан Тимур Құлыбаев KAZENERGY қауымдастығы атқарған жұмысқа оң баға берді. Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы 2017 жылы жер қойнауын пайдалану мен салық кодекстерінің қабылдау да ерекше маңызға ие шара екенін атап өтті.

«Бәріңізге белгілі, қауымдастық мүшелері салық және жер қойнауы туралы кодекстердің дайындалуына белсене қатысты. Ұсынысымыздың көбі осы құжаттарға енді. Біздің заңға енгізген өзгертулеріміз инвестициялық тартымдылықты арттырып, осы арқылы еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсаратынына сенеміз. Сондай-ақ энергетика секторының жұмысшыларына Қазақстанда табысты жұмыс істеу үшін жағдай жасалады деген үміттеміз», - деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы.

Жиын барысында Тимур Құлыбаев Қауымдастық адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атады. Ұлттық палата басшысы Қазақ-Британ техникалық университетінде отандық ірі мұнай-газ компанияларының көмегімен жабдықталған зертханалармен танысты.

«Қауымдастық құрамындағы 83 компанияның маман дайындаудағы міндеттемесі бар. Бүгінгі жиын Қазақ-Британ техникалық университетінде өткізілуі тегін емес. Мұнай-газ және энергетика салаларына маман дайындау қандай деңгейде екенін көзбен көре аламыз. Зертханалар жақсы жабдықталған. Сондай-ақ бұл университеттің қарамағында екі академиялық институт жұмыс істейді. Біз осы әлеуетті пайдалануымыз керек. Қазіргі таңда білім берудің жаңа бағыттары қолға алынып жатыр, бізге қандай мамандар қажет екенін айтуымыз керек. Тек мұнай өндіруде емес, көлік, қайта өңдеу, химия салаларына да қажеттіні ұсыну қажет. Салалардың алдында тұрған міндет, біз мамандарды Қазақстанда дайындауымыз керек. Мысалы «Chevron» компаниясы бастапқыда мамандарды шетелде дайындауды қалады. Алайда осы Қазақ-Британ техникалық университетінің қабырғасында зертхана ашты. Халықаралық дәрежедегі мамандар Алматыда дайындалады», – деді Тимур Құлыбаев.

Кеңес отырысына ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысты. Министр ЖІӨ артуында «Қазақстан – отын-энергетикалық кешені» локомотив болғанына баса назар аударды.

«2017 жылы мұнай-газ және энергетика саласында көрсеткіш жақсы. Біздің алдымызда осы қол жеткізген трендтерді сақтау және дамыту міндеті тұр. Мүмкін 10,5 %-ға өсу болмас, дегенмен оң нәтиже болады деп болжап отырмыз. Қауымдастыққа алғыс білдіргім келеді, былтыр біздің салаға қатысты негізгі құжаттардың дайындалуына күш салдық. Жер қойнауын пайдалану кодексі мен Салық кодексіне түбегейлі өзгерістер енгізілді. Қауымдастықтың қолдауы болмаса, осындай сапалы құжат дайындалмас еді. Биыл Жер қойнауын пайдалану туралы кодексті жүзеге асыруда 52 нормативті құқықтық акті дайындауымыз қажет», – деп хабарлады министр.

Қауымдастық Кеңесінің отырысында KAZENERGY бас директоры Әсет Мағауов 2017 жылғы жұмыс жоспары мен мақсатты жобалардың орындалуы жайында есеп беріп, 2018 жылдың жоспарымен таныстырды.

KAZENERGY қауымдастығы 9 негізгі бағыт бойынша жұмыс атқарды. Салық және тарифтер, жер қойнауын пайдалану, мұнай өнімдері мен сұйытылған мұнай газының айналымы, электр энергетикасы, экология, жергілікті үлесті дамыту, техникалық реттеу, адами капиталды дамыту, халықаралық қызмет және сараптама салаларында оң нәтиже бар.

«Ұсынылған құқықтық нормаларды қарау процесінде Энергетика министрлігінің жұмыс тобымен 120 отырыс өткізілді, KAZENERGY тарапы белсене қатысты. Нәтижесінде енгізілген 300-ден астам түзетудің 60%-дан астамы қолдау тапты. 2017 жылы мұнай өнімдері мен сұйытылған газдың бағасын белгілеу мәселесі жиі көтерілді. Қауымдастық қаржы шығынын және мұнай өнімдері нарығы субъектілерінің салық ауыртпалағын азайту, сондай-ақ мұнайдың ішкі және экспорттық бағасын теңдестіру ұсыныстарын берді», – деді Әсет Мағауов.

Сонымен қатар Кеңес отырысында Қауымдастықтың 2018 жылға арналған бюджеті бекітілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер