astana-view

Ақтөбе өңірі ұн экспортын дамытуда

2014 жылғы 30 Наурыз
5035 просмотров

Отандық ұнға сұраныс артып келеді.

Әсіресе ресейліктер көп қызығушылық танытуда. Ресеймен шектесетін Ақтөбе өңірі ұн экспортын дамытуда. Мұндағы ең ірі ұн комбинаты Орынбор, Самара мен Челябі облыстарына өнімдерін жібереді. Өткен жылы 7 мың тоннадан астам ұн экспортқа шығарылған. Комбинат басшылары оның көлемін арттыруды көздеп отыр. Дамыған 30 елдің қатарына ену халықаралық нарыққа да жол ашатындығын ұн өндірушілері айтуда.

Комбинаттың ашылғанына биыл 25 жыл толады. Қазір Қазақстан астық индустриясының құрамына кіреді. Мұнда тәулігіне 550 тонна бидай өңделеді. Дайын өнімді йод, темір және өзге де пайдалы заттармен нәрлендіреді. Комбинатта швейцариялық және италиялық 2желі жұмыс істеп тұр. Қазіргі заманға сай технология қол еңбегін көп қажет етпейді. Сапалы ұн шығару үшін бидайдың да сапасы жоғары болу керек. Сондықтан диірменге сұрыпталған, құрамы талапқа сай бидай ғана қабылданады. Диірмен 150 мың тоннаға лайықталған. 

Алтай Сүтеев, ұн комбинатының бас инженері:

- Бидайды негізінен Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан аламыз. Бидайдың сапасы жаман емес, үшінші класс. Комбинатымыздың жағдайы осы. Комбинат бойынша 205 адам жұмыс істейді.

Комбинат өніміне сұраныс жоғары. Сапалы ұнға көршілес Ресей кәсіпкерлері көп тапсырыс береді. Тұтынушылар көңілінен шыққан соң экспорт көлемі де артуда. Әрі Кедендік одақ мол мүмкіндік берген. Өткен жылы шекаралас облыстарға 7 мың тоннадан астам ұн жөнелтілді. Биыл одан 2 есе көп өнім шығарылмақ.  

Қанат Тапаев, ұн комбинатының бас директоры:

- Өніміміз бәсекеге қабілетті. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Президент Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы айтты. Бұл экспорт әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді.

Комбинат тек Ресей емес, Армения және Әзірбайжан нарығына шыға бастады. Аталған елдермен әріптестік қарым-қатынасты нығайту және маркетингті дамыту жұмыстары үздіксіз жүруде. Экспорттың көкжиегі осылай кеңи берсе, халықаралық нарықты толық бағындырар күн де алыс емес.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер