astana-view

Дәріхана ісі: ауылда дамыған бизнес

2018 жылғы 29 Наурыз
- Павлодар облысы
8563 просмотров

Ақтоғай ауданында іскер әйел 18 жылдан бері дәріхана ісімен айналысады. Ауылдық жерде дәріхана ісі аса бір қызығушылық танытатындай кәсіп болмауы мүмкін. Себебі бұл салада сұраныс та айтарлықтай деңгейде жоғары емес. Дегенмен Елена Петкованың ойы өзгеше.

«Мен алдымен фрмацевтика саласының маманымын. Одан кейін ғана кәсіпкермін. Көп жағдайда дәрі-дәрмекті қарызға жазып беруге тура келеді. Ауылдастардың қолын қайтара алмаймын», ­- дейді кәсіпкер.

Елена Петкова Омбы медициналық институтын аяқтаған соң Ақтоғай ауданына 1982 жылы көшіп келген. Өмірлік бағыт берген ұстаздарын ризашылықпен еске алады. Аудандық дәріханада фармацевтен бастап жетекшілік қызметке дейін атқарған. Алайда 1997 жылы дәріхананы сатып алған, ал Елена Петкова көпшілікпен бірге жұмыссыз қалды.

Елена Петкова тез шешім қабылдап, жеке кәсібін бастауды ұйғарды. Отбасы да қолдау білдірген.

«2000 жылы жолдасым екеуміз бос ғимаратты сатып алдық. Қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, міне 18 жылдан бері жұмыс істеп тұрған дәріхананы аштық. Екі адам жұмыспен қамтылған. Біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол мамандар, олар мемлекеттік дәріханада өзіммен бірге жұмыс істеген», - дейді Елена Петкова.

2017 жылы қызмет көрсетудің еуропалық стнадартына өтуге байланысты дәріхананы кеңейту керек болды. Оған қосымша жер учаскесі қажет еді. Іскер ханым Кәсіпкерлер палатасының Ақтоғай ауданындағы филиалынан көмек сұрады.

Кәсіпкерлер палатасының Ақтоғай ауданындағы филиалының директоры Нариман Рақымжановтың айтуынша кәсіпкердің мәселесі жергілікті атқарушы органның араласуымен қысқа мерзімде жедел шешілген.

«Кәсіпкер қайырымдылық шараларына, «Мектепке жол», «Қайырымдылық» секілді акцияларға белсенді қатысады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, Ақтоғай аудандық мүгедек және сал ауруына шалдыққан балаларға арналған психологиялық түзеу кабинетімен де тығыз байланыста», - деді Нариман Рақымжанов.

Сонымен қатар дәріханада Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін дәрі-дәрмек жеңілдікпен сатылады.

«Кәсіпкерлер палатасы мен аудандық әкімдіктің қолдауымен дәріхананы кеңейттік. Ауылдастарыма мықты денсаулық тілеймін. Дәруменмен емделу жолын көбірек қолданғандарын қалаймын», - дейді Елена Петкова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер