astana-view

Маңғыстаулық іскер әйелдер «Аңыз Тұлға» жобасын іске асырмақ

2018 жылғы 07 Сәуір
4110 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Ақтау қаласында өткен Маңғыстау облысы Іскер әйелдері кеңесінің ІІІ форумына қатысты

Форумда сөйлеген сөзінде Тимур Құлыбаев Қазақстанда әйелдердің 42%-ы шағын және орта кәсіпкерлікті басқаратынын атап өтті.

 «Қазақстан әйелдері әдетте жоғары білімі бар, алдына мақсат қоя білетін әрі  өздерін жан-жақты дамытуға дайын жандар.  Осы бағытта «Атамекен» жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Әйел бәрін үлгеруге қабілетті келеді, отбасындағы қыруар істі тындырып бизнесті де жүргізе алады. Жылдан жылға бизнес ортада әйелдер белсенділігі артқаны байқалып отыр. Қыз-келіншектердің белсенділігіне және «Атамекеннің» еліміздегі әйел кәсіпкерлігі дамуына қатысы барына қуаныштымын», – деді Тимур Құлыбаев.

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі салалық алаңдар – қауымдастықтарды белсенді жетілдіріп келеді. Бүгінде өңірде «Маңғыстау облысы киім дизайнерлері одағы», «Маңғыстау облысының қол өнер шеберлерi  одағы», «Маңғыстау облысының интерьер дизайнерлері мен декораторлары», «Маңғыстау облысының кондитерлер гильдиясы» және «Маңғыстау облысының меткепке дейінгі жекеменшік білім беру мекемелері» атты 5 қауымдастық құрылған.

Өңірде кәсіпкер қыз-келіншектер саны артып келеді, өйткені тұрғындар арасында бизнес – мұнайда ғана емес деген түсінік қалыптасқан. Бүгінде 53 366 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 23 мыңын әйелдер басқарып отыр (44%). Оның ішінде шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін әйелдердің 35%-ы кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл көрсеткіш әйелдердің кәсіпкерлікке бет бұруы және ауылдық жерде өзін-өзі жұмыспен қамтыған қыз-келіншектердің артқанын айқындайды.

 «Атамекен» шағын несиелеу ұйымы арқылы 2 жыл ішінде әйелдер 404 млн теңгені игерген, бұл дегеніміз жүзеге асырылып жатқан 166 жобаның 75-сі. Жаңадан ашылған 408 жұмыс орынның 202-сі іскер әйелдермен құрылған.  Несие алуда әйелдер белсенділігінің үлесі 41%-ды құрайды. Қаржыландыру жүргізілген үш жыл ішінде кәсіпкер әйелдердің несие алуы бойынша өңірдің барлық аудандары жақсы серпін көрсетіп отыр.

 Форум барысында Іскер әйелдер кеңесі «Аңыз Тұлға» – «Живые Легенді» атты жобаны енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

 Көп мемлекетте қолөнер саласында бірегей технологияларға ие адамдар толығымен мемлекет немесе басқа да жалпыұлттық құрылым қамқорлығына алынады. Мақсат – дарынды адамдар өзінің бірегей технологиялар бойынша білімін, кәсіби машығын өскелең ұрпаққа – шәкірттеріне үйретеді. Осылайша ұрпақ сабақтастығы жалғасады. Мұндай аңыз тұлғалар саны елімізде небәрі 15-20 адам немесе тіптен аз болуы мүмкін. Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесі осы құндылықтарды сақтап қалғысы келеді.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бұл бастаманы қолдады:

«Тәлімгерлік тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек. Мемлекет бөліп отырған қаржы есебінен әкімдіктермен бірлесіп, осындай бағдарламаны қарастыруға күш саламыз».

 Форум соңында ауылды жерде әйел кәсіпкерлігі дамуының тиімді бағыттары аталды: мал шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу; жеңіл өнеркәсіп; балалар мен ересектерге білім беру орталықтарын құру; көктем-жаз-күз айларында кішігірім этно ауылдарды құрып, онда сүт өнімдерін сату арқылы этно және эко туризмін дамыту. Бұл бағыттар отбасылық бизнес негізінде жүзеге асырылады.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер