astana-view

Тимур Құлыбаев: Бизнеске көрсетілетін қызметтің мерзімі 50 күннен 3 күнге дейін қысқарады

2018 жылғы 10 Сәуір
- Жетісу облысы
4500 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Алматы облысындағы жұмыс сапарында бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және оларды ұсыну мерзімдерін қысқарту шаралары жайында сөз қозғады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы жергілікті Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып,оның жұмысына оң баға берді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бизнеске пайдасы зор, өйткені осы жерде мемлекеттік бағдарламалар аясында қажетті қызмет түрлері мен консультацияларды тегін алуға болады. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын құруда облыс әкімдігінің қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Бизнеске көрсетілетін қызметтер жинақталып, «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Соның нәтижесінде мұндай қызмет түрлерін көрсету мерзімі 50 күннен екі-үш жұмыс күніне дейін қысқартылады деп күтілуде», – деді Тимур Құлыбаев.

«Үкімет бизнес үшін» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын  реинженирингілеу және автоматтандыру, сонымен қатар бизнеске арналған қызмет түрлерін «Atameken Services» бірыңғай терезесіне шығару бойынша жұмыс жүргізілуде.  

Алматы облысы шекара жанындағы өңір екенін ескерсек, кәсіпкерлер үшін кедендік процедураларды оңтайландыру өзекті мәселе болып отыр. Төралқа Төрағасы 1 шілдеден бастап «Атамекен» ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп кеден процедураларын толық автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтайтынын айтты. Бұл шара кедендік процедураларды рәсімдеу мерзімін 6 есеге, яғни 4 сағатқа дейін қысқартуға мүкіндік береді.

Облыс кәсіпкерлері үшін тағы бір мәселе мемлекеттік сатып алуларға қатысумен байланысты. «Атамекен» Үкімет деңгейінде заңнамаларға өзгерістер енгізуді ұсынды, осылайша демпинг алынып, жергілікті тауар өндірушілер жаңа тапсырыстармен қамтамасыз етіледі.

 «Өкінішке қарай Алматы облысында да мемлекеттік сатып алуларда сапаны көздейтін жергілікті компаниялар емес, әдейі бағаны түсіріп отырған фирмалар қатысып, жеңіп жатыр. «Атамекен» заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында Үкіметке ұсыныстар жасады. Жақын арада олар назарға алынып, жергілікті бизнеске көмек болады деген ойдамын», – деп хабарлады Тимур Құлыбаев.

Жалпы мемлекеттік органдар бизнес-қоғамдастықтан түскен ұсыныстың 70%-ын ескерді. «Атамекен» ҰКП басшысының айтуынша бұл көрсеткіш Ұлттық палата мен Үкіметтің жолға қойылған тиімді жұмысының нәтижесі.

«Атамекен» арқылы заң жобаларды өткізіп, салалық қауымдастықтардың мақұлдауын алу үшін қандай жұмыс атқару керек екенін елестетіп көріңіздерші. Орталық деңгейде мемлекеттік органдармен нәтижелі байланыс құруға қол жеткіздік. Жекелеген өңірлерде бизнесті дамыту тәжірибесі анағұрлым сәтті: әкімшілік кедергілер азайып, индустриялық аймақтар құрылып жатыр. Дәл осы өңірлердің үлгісін бүкіл ел бойынша насихаттауға тырысудамыз. Бизнестің құқығын қорғау туралы айтсақ, бұл үдеріс жолға қойылған. Бұл бизнес-қоғамдастықтың Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылу сатысында қойған тапсырмаларының бірі», – деді Тимур Құлыбаев.

Жиынды қорытындылай келе Төралқа Төрағасы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті органдардың жемісті жұмысын атап өтті.

«Алматы облысын кәсібилігі мен адамгершілік қасиеті жоғары адамның басқарып, жергілікті бизнес дамуына барынша қолдау жасап отырғаны өте маңызды жайт. Бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде өңірде жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары құрылып, ауыл шаруашылығы кооперациясы қарқын алып келеді. Мұнда адамдардың еңбек етіп, отбасыларын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер