astana-view

Атырауда несие серіктестері мемлекетке 1,5 млрд теңге қарыз

2018 жылғы 23 Мамыр
- Атырау облысы
8055 просмотров

Атырауда несие серіктестері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2011-2013 жылдар аралығында алған микроқарыз бойынша мемлекетке берешек

Адал қарыз алушы ынтымақты жауапкершілік шартымен несие серіктесіндегі басқа да қатысушылардың міндеттемесін орындауға мәжбүр болу мәселесі бүгінде ең өзекті болып отыр. Осыған орай Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы адал төлеушілерді басқа бір борышкердің міндеттемесін өтеуден босату бастамасын көтерді. Аталған мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында көтерілді.

«Құлсары» несие серіктестігінің өкілі Мәрзия Досмұханбетованың айтуынша, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сотқа несие серіктестерінің қатысушысы болып табылатын кәсіпкерлердің қарызды өтеу туралы талап арызын берген.

«Біз талап арызын мойындамадық, себебі несие серіктестігінің адал қатысушысымыз. Мұнымен қоса, «Атырау» ӘКК мен Несие серіктестігінің арасында жасалған келісімнің тарабы да емеспіз. Алайда сотқа талап арызды беруші келісімшартқа ынтымақты жауапкершілік туралы қол қойылған қосымша ретінде жауаптылардың тізімін қоса берген. Оның шартына сәйкес жауаптылар несие серіктестігінің ӘКК алдындағы міндеттеме бойынша ынтымақты жауапкершілікке келісім береді. Ал ынтымақты жауапкершілік туралы келісім сотта көрсетілмеген. Бірақ берілген деректерге және кәсіпкерлердің түсіндіруіне қарамастан сот жауаптылардың ынтымақты түрде 22 млн теңге көлемінде қарызды өтеуң туралы шешім шығарған», – деп хабарлады Мәрзия Досмұханбетова.

Сонымен қатар оның айтуынша сот орындаушысы сот шешімін орындауда қателік жасаған. Сот жауаптылардың ынтымақты түрде қарызды өтеу шешімін шығарғанына қарамастан, жауаптылардың мүліктік жағдайымен таныса келе қарызды тек серіктестіктің бір қатысушысы, адал қарыз алушы саналатын Перизат Камиевадан өтеген. Бүгінде сот шешіміне және сот орындаушысының әрекетіне қатысты шағымдану жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторын басқарушы, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев серіктестік қатысушыларына қосымшаға қол қоя отырып, ынтымақтастық жауапкершілігіне келісім беретіні туралы түсіндірілгені туралы сұрастырды. Келісімшарт бойынша өзге қатысушылар міндеттемесін орындамағанда ынтымақты түрде өз мүлкімен жауап беруге міндетті екендіктерін білді ме?

Кәсіпкерлердің айтуынша несие серіктестігінің төрағасы ештеңе түсіндірмеген, қосымшаны беріп, қол қою керектігін айтқан.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша «Бар» несие серіктестігінің төрағасы Рашид Қабдешев те пікір білдірді. Ол несие серіктестігіне әлеуетті құрылтайшыларының тізімін жергілікті атқарушы органдар арқылы еңбек биржасы берген. Тиісінше, қандайда бір қатысушыны тіркейтін кезде несие серіктестері оның төлем қабілеті туралы ақпаратты білмеген.

«Менің ойымша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасында олқылықтар бар, себебі оның оқи келе, бизнестің бағытына қарамастан қаржыландыру келісімшарты бірдей. Мысалы, келісімшарт талабы бойынша қарыз алушыға бизнесті дамыту мақсатымен бір жыл шегерім беріледі. Алайда бағдарламаны дайындаушылар ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік ерекше, ол тек 3-4 жылда табыс әкелетінін ескермеген, бағдарламаның бұл талабы кәсіпкерлер үшін ауыр», – деп атап өтті Рашид Кабдешев.

Сонымен қатар кәсіпкер табиғи сипатта туындаған форс-мажорлық жайттарға шағымданды. 2014 жылы құрақшылықтан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен несие алған кәсіпкердің малы түгелдей қырылған. Несие серіктестігінің төрағасы қарыз қаражатының сыйақы мөлшерлемесіне қатысты мәселені де көтерді.

«Несие серіктестерін өңірлік уәкілетті ұйым сыйақы мөлшерлемесі 5,16% -бен қаржыландырды. Бағдарлама талабына сәйкес несие серіктестеріне сыйақы мөлшерлемесі 1,01% болуы керек. Бұл сыйақы мөлшерлемесі қандай негізде бекітілген?», – деп сауал қойды кәсіпкер.

Кеңеске қатысқан Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері борышкерлер біреудің берешегі үшін зардап шекпеуі тиіс деген бұл пікірді қолдады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жосықсыз борышкерлерге тікелей талап арызын беруге құқылы екенін анықтай келе, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторын басқарушы Сәрсенбай Жолдыбаев адал борышкерлердің тізімін дайындап, ӘКК және әкімдікпен келісіп, өзгенің міндеттемесін орындаудан босатуды ұсынды.

«Бұл жағдайда олар әлі де несие алып, бизнесін дамытар еді. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі экономиканы дамытып отырған институт ретінде осыған қызығушылық танытуы керек деп ойлаймын», – деді Өңірлік палата өкілі.

Отырыс қорытындысы бойынша Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы Кеңесінің мүшелері орын алған жағдай туралы ақпаратты Атырау облысының басшылығана дейін жеткізу, серіктестегі адал мүшелердің құқығын қорғау туралы ұсыныс енгізу, оның нәтижесінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге мағлұмат беру шешімін қабылдады. Өз кезегінде өңірлік палата кәсіпкерлердің мүддесін сот процестерінде, тіпті ҚР Жоғары Сотына дейін қорғауға дайын екендігін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер