astana-view

«Атамекенім»: Кәсіпкер 7 отбасыға пәтер сыйлады

2018 жылғы 31 Шілде
- Ақтөбе облысы
2467 просмотров

«Ырғызым – ырысты мекен» аудандық жерлестер форумында кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаевтың демеушілігімен «Қамқор» үйі ашылды

Аудандағы белгілі кәсіпкерлердің бірі, «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев балалар үйінде тәрбиеленген, ата-ана қамқорлығынсыз өскен жас отбасыларға арналған 7 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға берді.

Салтанатты рәсімде аудан әкімі Мәди Елеусізов баспаналы болған жас отбасыларға шынайы тілегін жеткізіп, қайырымдылық жасаған кәсіпкерге халықтың атынан алғыс айтты.

Шарада аудан әкімі Мәди Елеусізов пен «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаев жас отбасыларға пәтер кілтін табыстап, жаңа үйдің лентасын қиды.

«Осыған дейін ауданға көгілдір отын келмей, кәсіпкерлік саласында жылу жүйесінің болмауы көп кедергі келтірген болатын. 2016 жылдың желтоқсан айында ауданға газ беріліп, халықтың қуанышында шек болмады. Ал өткен жылы маусым айында басталған осы игілікті іс биыл қыста аяқталып, көктемде ғимаратқа су мен газ кіргізіп, бүгін жерлестер форумы аясында пайдалануға беріліп отыр. Тұрғын үйге су, жылу, газ жүйесі орталықтандырылып қосылған. Бұл пәтерлерді балалар үйінде тәрбиеленген, баспанасыз жүрген, ата-анасының қасқорлығынсыз өскен жас отбасыларға беріп отырмыз. Жобаның сметалық құны – 47 миллион теңге. Берілген пәтерлердің аумағы – 42-68 шаршы метр аралығында», – дейді кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаев.

Жыл сайын аудандағы қайырымдылық шараларға атсалысатын жергілікті кәсіпкер биыл көктемде 250 аз қамтылған отбасына сый-сияпат жасаса, жазғы демалыста 12 балаға «Бақытты бала» акциясы аясында Астанаға экскурсия жасауға жолдама беріп отыр.

Кәсіпкер биыл аудан орталығында жалпы құны 19,5 млн теңге тұратын балаларға арналған футбол алаңы мен хоккей алаңын салып бермекші.

Кәсіпкердің демеушілігімен баспаналы болған жас отбасылардың бірі —  Кучтер отбасы. Отағасы Роман Куч Алға балалар үйінде тәрбиеленген. Бұған дейін облыс орталығында әр жерде еңбек еткен. Өткен жылы Ырғыз ауылының тұрғыны Динара Қалимен отбасын құрған. Бүгінде екеуі бір бала тәрбиелеп отыр.

«Баспаналы болып жатырмыз, қуанышымызда шек жоқ. Кәсіпкер Ибрагим Махайұлына ерекше алғысымызды айтамыз. Ауданымызда осындай қайырымды, жомарт жандар көп болса екен дейміз. Алдағы уақытта дәнекерлеуші мамандығын оқып, «Наурыз-СИМ» серіктестігіне жұмысқа тұрмақшымын», – дейді Роман.

Бұл күні қоныс тойын тойлағандардың бірі – ырғыздық Самғат Жұбат пен Гүлдана Шәріптің отбасы. Отау құрғандарына бес жыл болған жас отбасы бұған дейін баспанасыз жүрген. Самғат «Наурыз-СИМ» ЖШС жүргізуші болып еңбек етесе, Гүлдана бала тәрбиесімен үйде отыр.

«Ата-анамнан ерте айырылдым. Отбасында екі ағайындымыз. Інім бар. Бүгін, міне, Ибригим Махайұлының қолдауымен үйлі болып жатырмыз. Ол кісіге отбасымның атынан үлкен ризашылығымды білдіремін», – дейді Самғат Жұбат.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер