astana-view

Жаңа жәрмеңке 5 млн теңге көлемінде пайда әкелді

2018 жылғы 03 Тамыз
- Ақмола облысы
5304 просмотров

  «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы аясында Көкшетау төрінде өткен «Ақмола өнімдері» көрме-жәрмеңкеге қатысқан тауар өндірушілер 5 милионнан астам теңге сомасы көлемінде өнім өткізген.

 Көрме-жәрмеңкеде қонақтар назарына сан-алуан түрлі өнім ұсынылды. Ет, сүт, нан мен көндитерлік өнімдер, басқа да азық-түлік өнімдер арзан бағамен сатылды. Айта кетелік,  «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына алғаш рет жұмыртқа өндіретін бірден 5 компания – «ҚазгерҚұс» ЖШС, «Ижевский» ЖШС, «Птицефабрика Целиноградская» ЖШС, «АгроИнвест-2015» ЖШС, «Үш бұлақ» ЖШС қатысты.

Жәрмеңкеге, сонымен қатар халыққа арналған заттар, декоративті-қолдаңбалы өнер бұйымдары және тағы басқа тауарлар қойылды.

 Бұған қоса жәрмеңкеге «Бастау» түлектері де қатысты. Жобаның 15 қатысушысы жыл бойына өз бизнес-идеяларын жүзеге асыра алды. Қазіргі таңда олар түрлі өнім – ұлттық нақыштағы киім, этно стильдегі бұйымдар мен кәдесыйлар, қымыз, аяқ киім, ойыншықтар, ыдыс және т.б. шығарады.

 ӨКП Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жанна Байқонарованың мәлімдеуінше, «Ақмола өнімдері» көрме-байқауында халықтың көңілінен шыққан тауарлар қатарында шұжық өнімдері, олар 700 мың теңге сомасына саудаланған, күнбағыс майы – 600 мың теңге, ұн – 400 мың теңгеге сатылған.

 «Сауда қызу жүрді. Біз сүт өнімдерін саттық, оның ішінде балмұздақ бар. Жалпы сауда 400 мың теңге көлемінде болды. Осы ретте барлық өнім арзан бағамен сатылды. Осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұру керек. Осылайша өнім өтеді, танылады, сатып алушымен тығыз байланыс орнайды», – деді «Гормолзавод» ЖШС директоры Әсен Жақсылықов.

Іс-шара барысында қатысушылар арасында іскерлік байланыс орнады, мәселен, ұн шығарушы «INTER TRADE» ЖШС және «КамАЗинжиниринг» АҚ арасында жалпы сомасы 35 млн теңгеге 2 бірлік автокөлікпен жабдықтауға арналған лизингілік келісім-шарт жасасу туралы келесім жасалды. Әрлейтін тас өндіруші «Туран Индастри» ЖШС және Көкшетаудың құрылыс компаниялары қажетті құрылыс материалдарын жеткізу бойынша келесім жасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер