astana-view

«Атамекен» Іскер әйелдер кеңесі Ауғанстан бизнес ханымдарымен ынтымақтастық орнатты

2018 жылғы 05 Қыркүйек
7347 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Мемлекет басшысының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі өңірлік бастамасын бірінші болып қолдап, осы елдің әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференция аясында жүзеге асты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова меморандумға қол қою барысында бұл оқиға екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында тікелей іскер байланыстарды орнату үдерісінде маңызды әрі келешекті қадам екенін атап өтті.  

 «Мемлекет басшысы көтерген өңірлік бастаманы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі тарапынан қолдап отыр. Жекелеген мемлекеттегі тыныштық пен экономикалық қауіпсіздік – өңірлік тұрақтылықтың кепілі екенін айтқым келеді. Бүгін Уафек ханым (Манижа Уафек – Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті) екеуміз қол қойған меморандум іскерлік байланыстарды орнатуда сүбелі үлес қосатынына сенімдіміз. Конференцияда екі елдің ер азаматтары арасында ғана іскерлік байланыс орнаған деген ой айтылды. Бүгінгі меморандум бұл жайтты түзейді деп сенемін», – деді Лаззат Рамазанова.  

Меморандум аясында Қазақстанның іскер әйелдері ауған әріптестермен бизнестегі жетекші тәжірибемен бөлісу,  мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ақпараттық және білім беретін іс-шараларды, техникалық тренингтерді өткізуге дайын. Басты назар ауыл-аймақтағы ынтымақтастыққа және ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге аударылады. Бұған қоса Қазақстан шағын индустриялық паркттерді құру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, өйткені Ауғанстан осындай паркті әйелдерге арнап құруды бастап кетті.

 «Ынтымақтастық орнатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Шынымен, елдеріміз арасында ер-азаматтар ғана ынтамақтастық орнатқанына үйреніп қалдық. Ал әйелдер арасында осындай іскерлік байланыс болған емес. Алайда бұл жайт елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жоқ дегенді білдірмейді. Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасынының құрылуы – еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі дамып, қарқын алып жатқанын білдіреді. Екі ел арасындағы меморандум – жақсы нәтижеге әкелетін алғашқы тәжірибе болмақ», – деді Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Манижа Уафек.

 

 Конференция барысында «Аймақтық ынтымақтастық арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» атты панельдік сессия Лаззат Рамазанованың жетекшілігімен өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Орта Азия мемлекеттерінде әйелдердің іскерлік дағдыларын дамыту үшін қолайлы құқықтық және әлеуметтік орта қалыптасып жатқаны және әйелдер кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке белсенді жұмылып жатқаны туралы бірнеше рет  айтылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер