astana-view

Жүктелме сақтандыру концепциясының жобасы «Атамекенде» талқыланды

2018 жылғы 06 Қыркүйек
10697 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында  халықтың жаппай жиналатын нысандарына қатысты жүктелме сақтандыруды ұйымдастыру концепциясының жобасын талдауға арналған жиын өтті.

Отырысты «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов жүргізді. Басқосуға «AON Kazakhstan» халықаралық сақтандыру компаниясының бас директоры  Арман Боранбай, ҚР ІІМ Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы Рүстем Ысқақов, Сауда департементінің басқарушы директоры Александр Савидов, қаржылық мекемелердің, сақтандыру компанияларының өкілдері  және Алматылық сала мамандары бейне байланыс арқылы қатысты.

«Осыған дейінгі жиналысымызда біз үлкен сауда, ойын-сауық орталықтарындағы, халық көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік мәселесін салалық департаменттер, сақтандыру компанияларының, ассоциациялар, қаржы сокторының өкілдерімен талқылаған болатынбыз. Жұмыс механизмдерін дайындадық, жоспар құрдық, еліміз парламенті қабырғасында да көтерілді. Десек те бұл өкінішке қарай күн тәртібінен түспей тұрған тақырып. Әрине бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігі басты назарда болмақ»,-деді Рустам Жүрсінов.

Қазақстанда жүктелме сақтандыруды енгізудің тиімділігін айта келе Р. Жүрсінов халықаралық тәжірибелер негізінде, «Сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында уақытша, жүктелме сақтандыруды енгізу көзделгендігіне тоқталды.

«Біршама елдер бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі міндетті сақтандырумен бірге, оның жаңашы формасы – уақытша, жүктелме сақтандыруға ауысқан. Мәселен, Франция заңнамасында міндетті сақтандырудың 104 түрі бар, оның тек 4-і ғана дәстүрлі сақтандыру түріне жатады, өзгесі-уақытша, жүктелме сақтандыру», – деді  ол.

Уақытша, жүктелме сақтандырудың артықшылығы неде?

Сала мамандары сақтандыру шартының болуы туралы және оның маңызды шарттары туралы заңнамамен бекітілген талап кезінде, сақтандырудың егжей-тегжейлі шарттары арнайы заңмен емес, шартпен анықталатындығын айтады.

Кәсіби жауапкершілікті уақытша сақтандыру, жауапкершілікті әкімшілік жазықтықтан – мемлекет алдында, азаматтық- құқықтық жазықтығына - үшінші тұлғалар алдында, ауыстырған кезде мемлекеттік органдар тарапынан болатын тексерулер санын төмендетуге мүмкіндік береді.

«AON Kazakhstan» халықаралық сақтандыру компаниясының ұсынысы қандай?

«Атамекеннің» бастамасымен халықтың жаппай жиналатын нысандарына қатысты жүктелме сақтандыруды енгізу туралы концепция жобасын «AON Kazakhstan» компанияcы дайындаған болатын.

«Көршілес Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда орталығында (2016) болған қайғылы оқиға, Ригадағы «Maxima» сауда орталығы шатырының (2013) опырыла құлағаны сонымен қатар біздің елде Алматыдағы «Адем» сауда орталығының (2015) өртке орануы ел есінен ұмыт бола қойған жоқ. Қаншама шаралар қолданылып, қауіпсіздік күшейтілсе де мұндай жағдайлар аракідік болып тұрады. Оның салдары қандай- бұл- күнәсіз адамдардың опат болуы, денсаулықтарына зиян келуі, бұл- тән, жан жарасы. Сақтандыру шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр? Тағы бір мән беретін шаруа- бұл жерде тек адамдардың өміріне ғана қауіп төнбейді, ғимараттың иесі- кәсіпкердің жауапкершілігі сынға түседі. Мүліктік шығынға белшеден батады. Олар  тек әлеумет алдында жауапты болмайды сонымен бірге оның кәсіпкерлік қызметіне де шектеу қойылады. Ал сақтандыру бар мәселеге нүкте қоя алмайды. Біз ұсынып отырған жүктелме сақтандыру - қаржыны белгілі бағытқа бұрудың механизмі саналады. Бұл механизм кешенді түрде қарастырылуы керек», - деді компания басшысы Арман Боранбай.   

Тәуекелдерді басқару қалай жүзеге асады?

Жиын барысында Арман Боранбай бұл мәселенің өзектілігіне тоқтала келе: «Бізде төтенше жағдайдың болғанын хабарлайтын жүйенің болуы; Нысандарды іске қосқанда қауіпсіздік шарттарының сақталуы; Төтенше жағдай болған кезде әрекет етудің жоспары болуы және мерзімді түрде сынақтан өткізу; Сақтандыру арқылы қаржыны керек нысандарға аудару арқылы жұмыс жүргізілуі керек. Осы ретте халық жаппай жиналатын нысандарға қатысты жүктелме сақтандыруды ұйымдастыру тұжырымдамасы жобасының мақсаты- ең алдымен төтенше жағдайлар кезінде қаржылық салдарды басқару үшін жүктелме сақтандару шешімдерін дайындап енгізу өзекті болмақ»,- деді.

Яғни бұл механизм арқылы жапа шеккендер мен опат болғандарды қаржылық демеу, үшінші жақты мүліктік шығын көргенде қаржылық қолдау, Кәсіпкерлерді мүлкінен айырылғанда, ғимаратты жалға беру туралы келісім шартта көрсетілген бөлікті өтеу сияқты мәселелер шешімін табады.

Жүктелме сақтандыру жүйесінің енгізілуіне кімдер жауапты?

«AON Kazakhstan» компаниясы басшысының  белгілеуінше, «Атамекен» ҚР ҰКП- ақпараттық қолдау көрсетеді, кері байланыс орнатады, дамуды жылжытады, Жобаның шарттары мен шараларын жасауды қолдайды. «Атамекен» сол сияқты Жоба жұмысының әділдігі мен шынайылығын реттейтін қоғамдық бақылаушы міндетін атқарады.

Қазақстанның сақтандыру компаниялары- мүлік иелеріне қызмет көрсетеді, арнайы аккредиттелген инспекторлармен, сақтандыру пулымен жұмыс жасайды.

Сақтандыру пулы- жапа шеккендерге сақтандыру төлемдерін төлейді.

Сақтандыру брокерлері- жұмыстың әкімшілік қызметімен айналысып, халықаралық сақтандыру нарығын игереді.

«Жоба сәтті жүзеге асуы үшін  міндеттемелер іске асырылуы керек, орталықтандырылған бақылау күшейтілген болуы керек, бірыңғай сақтандыру талаптары орындалу керек, қоғам, әкімшілік тарапынан қолдау керек, сақтандыру төлемдері реттейтін тиімді жүйе керек»,- дейді А.Боранбай.

«Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Александр Савидов өз сөзінде сауда саласы жүктелме сақтандыру механизмдері тең дәрежеде жүргенін қолдайтындығын айтты.

«Сауда қызметіне арналған ҚР Заңында көрсетілгендей сақтандару шаралары сауда орнының көлеміне байланысты жүзеге асырылады. Мәселен, 2 мың кв.м  жоғары, 10 мың кв м жоғары, 20 мың кв.м жоғары дегендей. Қазақстанда 2 мың кв м. көлемде 267 субьект бар. Біз сақтандыру санатына 2 мың кв.м артық көлемдегі әмбебап орталықтарды жүктелме сақтандыру негізінде қарастыру керектігі туралы айтпақпыз. Осы ретте «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығының тәжірибесін мысалға алуға болады. Олар өз өмірлерін, мүліктерін де сақтандырған. Сауда орталығындағы жалға алушылардан да соны талап етіп отыр. Әрине барлық кәсіпкер бірдей емес»,- деді.

Жиынға селекторлық байланыс арқылы қосылған Алматылық сақтандыру саласының мамандары  халықтың көп жиналатын орны дегенде вокзал, автовокзалдарды, стадиондарды да жүктелме сақтандыру аясында қарастыру, санатқа алу керектігін ұсынды.

Ұлттық палата өрт қауіпсіздігіне байланысты шаралар қолданудан тыс қалған емес. Биылғы жылы 2 сәуірде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің басшылығымен отырыс өтіп, онда мемлекеттік органдармен бірлесе жүйеде өрт қауіпсіздігіне байланысты қандай жұмыс жасалу қажеттігі талқыға салынған болатын.

«Нәтижесінде «Атамекен» ҚР ҰКП, ҚР ІІМ және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе «Жол картасы» дайындады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша өрт қауіпсіздік аудитін жүргізу бойынша 177 ұйым тіркеліп, жоғары тәуекел деңгейіне 11 600 кәсіпкерлік субьектілер жатқызылды. Оларға байланысты жыл сайын ерекше тәртіппен тексерістер жүргізіледі», -деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

Осы ретте ҚР ІІМ Мемлекеттік өрт бақылау бөлім басшысы Рүстем Ысқақов алғашқы кедесуде көтерілген мәселелердің барлығы ұсынылып отырған концепция жобасында ескерілгенін жеткізді.

Жиынды қорытындылай келе, Рустам Жүрсінов алдағы уақыттарда  өрт сөндіру қызметінің мамандарымен кейбір маңызды тұстарды талқылау керектігін, жүктемелер моделін,  «AON Kazakhstan» компаниясы жобаға қосымша ретінде статистикалық мәліметтерді қосуын, бизнес шешімдер мен аналитика жасау үшін «SAS Kazakhstan» компаниясы өкілдерін шақыруды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер