astana-view

Мал өсірсең, түйе өсір, пайдасы оның көл-көсір

2018 жылғы 24 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
6894 просмотров

Халқымыз төрт түлік малдың маңызын ертеден білген

Дәулетті адамдарды «төрт түлігі сай екен» деуі содан болса керек. Әсіресе, еліміздің көп жерін алып жатқан шөл және шөлейт жерлерге шыдамды түйе малының пайдасы ерекше болмақ. Түйе  мінсең – көлік, ішсең – сусын, еті-дәмді, жүнінен төсеніш жасап, киім тоқуға болады. Соңғы кездегі зерттеулерге қарағанда мал басы саны былтырғымен салыстырғанда сәл де болса артқан, тек түйе малын есептеп көретін болсақ, облысымыз бойынша былтыр 17 821 бас түйе болатын болса, биылғы 9 айда оның саны 18 349-ға жеткен. Оның 12 мыңнан астамы Шалқар ауданында, 3 мың бас түйе Байғанин ауданында өсіріледі. Көріп отырғанымыздай түйе ұстау өзге аудандарда айтарлықтай қолға алынбаған.

Айталық есептер бойынша Қарғалы ауданында түйе мүлдем өсірілмейді. Түйе малының шөлге төзімділігі және өзіне тән басқа да ерекшеліктері оны шөлді аудандарда бағуға қолайлы етеді. Дегенмен, оны аймақтың басқа аудандарында да өсіруге әбден болады. Оған мысал ретінде Мәртөк ауданы, Саржансай ауылының тұрғыны Айсұлу Әбитованың түйелері туралы айтуға болады. Айсұлу – мамандығы бойынша информатика пәнінің мұғалімі. Кішкентай сәбиі жиі ауыра берген соң, халық еміне жүгінеді. Оған ауыл үлкендері «түйенің шұбатын ішкен бала тез жазылып, ауырмайтын болады» деп кеңес берсе керек.

Алғашында Шалқар ауданынан сусынды алдырып отырған ол бара-бара түйені өзі өсіріп көрмек болады. Бірақ, оны қалай алып, өсірудің мән-жайын білмедім дейді ол. Себепсіз ештеңе болмайды деген емес пе, Айсұлу аудан орталығында ауыл тұрғындарына арналған «Бастау» кәсіпкерлік сабақтарының өткізілетінін естіп, көп ойланбастан қатысуға бел буады. Бала күтімімен үйде отырған келіншекке қосымша табыс көзі қажет-ақ еді. Сабақ барысында Мәртөк ауданының бизнес тренері Жұмагүл Жамансарина Айсұлудың ішкі қалауын бизнес жобаға айналдырып, түйе шаруашылығымен айналысуға деген сенімділігін уялата білді. Соның арқасында ол бір айлық курсты тәмамдағаннан кейін  «Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы 3 млн. теңге несие қаражатын рәсімдеп, үш түйе сатып алады. Қазіргі кезде түйенің шұбатын өздері ғана пайдаланып қоймай, оны «Айсұлу» ЖК сауда маркасімен шығарып, ауылдағы «Нұр» дүкені арқылы сатып отыр.

«Түйе сатып алып, оны табыс көзіне айналдыруды «Бастау» жобасынан үйрендім. Шұбатты сатуда қиындық жоқ. Ауыл тұрғындары ішуге де, тойға да жиі алады. Жақында қалған қаражатыма тағы да үш түйе сатып алсам деген ойым бар. Осы идеямды жүзеге асыруға көмектескен «Бастау» жобасын ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін», – дейді Айсұлу Әбитова.

Қазіргі кезде Айсұлу түйелерін өзі бағып, өзі сауады. Айтуынша, түйені өсірудің айтарлықтай қиындығы жоқ. Жазда тіпті өз-өзімен жайыла береді. Мәртөк ауданы – шөбі шүйгін, жайылымға бай өңір. Шөл жерде ғана емес, осындай жайлы жерде де түйені өсіру тіпті қиын емес көрінеді. «Бастау» жобасының Мәртөк ауданы бойынша тренері Жұмагүл Мақашева  Айсұлудың шаруашылығын жүргізуге әлі де сүйемелдеу көрсетіп келеді.  Кәсіпкерге жоба жаттықтырушысы болашақта мал басын көбейтуге қандай мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану керектігін және шаруашылықты автоматтандырудың тиімділігі жөнінде айтып берді. Кәсіп ашуда мемлекеттің де, Кәсіпкерлер палатасының да көмегін көріп отырған ауыл тұрғыны түйе малының санын әде де көбейтуді алдына мақсат етіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер