astana-view

«Бастау» түлегі наубайхана ашты

2018 жылғы 22 Қазан
- Қарағанды облысы
10613 просмотров

Шет ауданы Қызылқой ауылының тұрғыны жеке наубайхана ашты

Наубайхананы 23 жасар Сая Олжатай ашты. Бір жыл бұрын бойжеткен Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына кәсіп ашу бойынша өтінім жасады, менеджерлер оған «Бастау» жобасы жайында ақпарат беріп, кәсіпкерлік негіздеріне оқуды ұсынды.

«Оқу барысында мен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиелеу шарттары жайында ақпарат алдым. Палата кеңес берушілері сауатты бизнес-жоспарды құруға көмектесті. Әр күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, бизнестегі әр қадамымды ойластыра бастадым», – деді жас кәсіпкер.

 Жоба құны – 3 млн теңге. Бұл қаражатқа наубайхана жабдығы, қажетті коммуникацияларды тарту, сонымен қатар шикізаттың алғашқы партиясын сатып алу керек болды.  Кәсіпкер қолдауды бірден тапты, облыс әкімі үш миллион теңге көлемінде жобаға грант бөлді. Өз жұмысында кәсіпкер ресейлік сапалы жабдықты пайдаланады, тұрғындар күнделікті дәмді әрі жаңа піскен нан сатып алады.

 «Бүгінде өнімнің 10 түрін шығарамыз. Нан-тоқаштарды дүкендер, мектеп және кәсіпорындарға жеткіземіз. Наубайхана ашу арман еді. Енді ол орындалды. Жоспарда – өндірісті кеңейтіп, тағы бірнеше жұмыс орнын ашу», – деді Сая Олжатай.

Наубайханада нан, тоқаштар, батон пісіреді, ары қарай өндіріс кеңейіп, өнім ассортименті көбее түседі: нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, балкүлшелер, бәліштер мен бисквиттер, жеміс-жидек құймықтарын, вафли пісіру жоспарда.  Әзірге өнімді ауылда 100 үй сатып алады, бизнес ханым жуық арада өнімді Қызылқойға ғана емес көрші ауылдарға да жеткізбек.

 «Жеке кәсіп ашуда жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі – мемлекет жасап отырған жақсы қолдау. Кім еңбекті жақсы көрсе, оған қашанда жанына жайлы жұмыс табылады. «Атамекен» бизнесті ашуда жақсы қолдау көрсетті. Наубайхананы құрып, қосымша жаңа жұмыс орындарын аштым», – деді кәсіпкер.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша былтыр ғана іске қосылған «Бастау» жобасы мыңдаған жұмыссыз бен өзі-өзі жұмыспен қамтығанға табыс тауып, кәсіпкер атануға мүмкіндік берді. Олардың ішінде 2017 жылы 360 бастауыш кәсіпкер қаржылай қолдау алған, берілген қаражаттың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асады. Биылдан бастап 471 адам жеке кәсіп ашуға жеңілдікпен несие алды. Егер кәсіп бастағыңыз келсе, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінген жөн.

 Айта кетелік, 29 қазаннан бастап, «Бастау» жобасы бойынша оқудың 6-легі басталады, оқуға қатысуға өтінім беріңіздер. Оқу мерзімі – 25 күн. Бағдарлама тыңдаушыларына шәкіртақы төленіп, сертификат беріледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер