astana-view

Қазақстанда экспортты дамытуға күш салынбақ

2018 жылғы 30 Қазан
3423 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі және «KazakhExport» ЭСК» акционерлік қоғамы  өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға және оны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Келісім шеңберінде отандық экспортты алға жылжыту бойынша жұмыс жолға қойылады. Сондай-ақ, шетелдік әріптестерді тарта отырып, Қазақстанның басымдыққа ие секторларының тұрақты экономикалық өсуіне  қол жеткізу мақсатында жұмыс күшейтілетін болады. Тараптар бірлесіп, нарық мониторингін жүргізіп, әріптестермен жұмысты үйлестіруді қолға алмақ.

Іс-шара барысында Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы туралы, отандық кәсіпорындардың әлеуетті инвесторлары мен серіктестеріне арналған мүмкіндіктер жайында, сондай-ақ, «Атамекеннің» кәсіпкерлерга атқарып отырған қолдауы туралы ақпарат берді.

 «Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру және қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру үшін отандық кәсіпкерлерге де, шетелдік серікстерге де арнап қолайлы құқықтық экономикалық, және әлеуметтік жағдай жасау», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасы қазіргі таңда «Атамекен» экспорттаушыларды қаржылай қолдау бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Биыл экспорт саласындағы барлық көрмелер, сауда миссиялары мен В2В кездесулерін ұйымдастыру бойынша жұмыс бізге берілді. Ұйымдастырушылық миссиялар отандық кәсіпорындарға шетелдік серіктестермен байланыс орнатуға көмектесуде»,– деді Абылай Мырзхметов.  

 Спикердің айтуынша, қазіргі таңда «Атамекен» кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді онлай-платформасына көшіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде «Кәсіпкердің жеке кабинеті» (cabinet.atameken.kz) арқылы заңгерлік қызмет көрсету, құқықтық көмек, Қазақстанның жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары туралы ақпарат бойынша қаржылай емес қолдаудың толық ауқымын алуға болады.

«Мамыр айынан бастап  қосымшаны жетілдіру бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде. Үлкенді-кішілі, отандық не шетелдік болсын – кез келген бизнес қолдауды ала алады. «Атамекен» 1 қаңтардан бастап 1 миллион кәсіпкерді платформаға көшіруді мақсат етіп отыр. Барлық қажетті ақпаратты, қызмет түрлерін қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінде алуға болады. Ал инвесторлар қызметті қашықтықтан ала алады. Бұл ыңғайлы, және біздің мақсатымыз да сол», – деп түсіндірді Басқарма Төрағасы.

Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, инвесторларды тартуға бағытталған Өңірлік даму картасы құрылғаны, ондағы ақпарат үнемі жаңарып тұратыны жайында хабарлады.

«Өзіңізге қажетті өңірлер бойынша, қандай салалар дамыған, қандай нарықтар бар, нені сатқан тиімді, импорт және экспорттық көрсеткіштеріне қатысты ақпаратты ала аласыздар. Бұл құрал инвесторлар мен серіктестерге пайдалы, – деп атап өтті Абылай Мырзахметов. – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шикізаттық емес 8 саланы паспорттаудан өткізді. Бұл 2105 кәсіпорын. Машина жасау, жеңіл өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, химия, құрылыс, жиһаз өндірісі салаларында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен қуаттылығы туралы қажетті ақпарат қамтылған».

 Басқарма Төрағасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы инвесторларға ынтымақтастық орнатуға қазірдің өзінде іс-шаралар тізілімінде тіркелген 1700 кәсіпорынды ұсына алатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер