astana-view

Бағалы қағаздар: заңнамада қандай өзгерістер бар?

2019 жылғы 04 Қаңтар
4055 просмотров

Тіркеушінің функциялары 2019 жылдың 1 қаңтарынан Орталық депозитарийге өтті.

Бұл «Бағалы қағаздар нарығы туралы» және «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңдарға түзетулер енгізуге сәйкес эмиссиялық мемлекеттік емес бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесін жүргізу жөніндегі функцияларымен қоса берілді.

Орталық депозитарийдің базасында бағалы қағаздардың барлық ұстаушылары туралы бірыңғай деректер базасын құру бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетуге және уақытын қысқартуға, сондай-ақ эмитенттер мен инвесторлардың тарифтерді қайта қарау есебінен шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, деп болжануда.

Эмитенттерді бағалы қағаздар нарығына шығуға ынталандыру шеңберінде, сондай-ақ мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға байланысты рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру жүргізілді, оның ішінде:

  • Уәкілетті органның эмиссиялық мемлекеттік емес бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылатын құжаттарды қарау мерзімі 5-15 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
  • Бағалы қағаздар шығару жобаларына өзгерістер енгізуге байланысты рәсімдер саны қысқартылды, атап айтқанда, қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланатын өзгерістерге қатысты талаптар алынып тасталды.
  • Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектісінің мазмұнына қойылатын талаптар оңтайландырылды.
  • Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге уәкілетті органға ұсынылатын құжаттар пакеті қысқартылды,оның ішінде егер құжаттар бұрын қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылса, онда эмитент оларды қайтадан ұсынбайды.

Бұдан басқа, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруға және өтеуге байланысты рұқсат беру рәсімдері едәуір ырықтандырылды, оның ішінде Эмитенттер немесе инвесторлар Ұлттық банкке беретін есептіліктің кейбір түрлері жойылды. Атап айтқанда:

  • Акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының 30 және одан да көп пайызын сатып алуға ниеті бар тұлғаның Ұлттық Банкке бұл туралы хабарлама беру қажеттігі алынып тасталды.
  • Ұлттық банкке мемлекеттік емес облигациялар мен пайларды орналастыру қорытындылары туралы есептер беру жөніндегі талаптар алынып тасталды.
  • Эмитенттердің мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептерді ұсынуы хабарлама сипатына ауыстырылды.
  • Ұлттық банкке акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есепті беру үшін есепті кезең 6 айдан 12 айға дейін ұлғайтылды және акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есепті бекіту үшін ұсынылатын құжаттар пакеті қысқартылды.

Сондай-ақ бағалы қағаздарды халықаралық практикаға сәйкес ұлттық сәйкестендіру жүйесін келтіру мақсатында Ұлттық Банк бағалы қағаздарға беретін ұлттық сәйкестендіру нөмірлерінен 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Орталық депозитарий беретін халықаралық сәйкестендіру нөмірлеріне (ISIN кодтарына) көшу көзделген.

Ұлттық банк мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға, оларды орналастыруға және (немесе) өтеуге байланысты рұқсат беру рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттарын белгілейтін тиісті нормативтік құқықтық актілердің қабылданғанын хабарлайды, олармен қаржы реттегішінің сайтында танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер