astana-view

«Атамекен» жүргізіп отырған скрининг өңірді дамытуға негіз болады

2019 жылғы 30 Қаңтар
13890 просмотров

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдерге «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, облыстардың  даму ерекшеліктерін ескере отырып, өңірлердің даму жоспарын құруды тапсырды

«Кірістер» және «өмір сапасы» екі көрсеткішті мемлекет тиімділігінің негізгі критерийлері деп белгілеймін. Бүкіл экономика, біз істеп жатқан жұмыстың барлығы адамдар игілігі үшін. Әр министр және әкімдердің жұмысы осы көрсеткіштерді жүзеге асырғанына қарап бағалануы керек», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Елбасы шағын және орта бизнестің Жалпы ішкі өнімдегі үлесін 50%-ға арттыру міндеттелгенін, осы орайда кәсіпкерлікке барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. 

 «Бизнес ахуал жақсарды, заңнаманы өзгерту және бақылаушылар санын азайту есебінен мемлекеттік бақылау-қадағалау үштен бірге  қысқарды. «Бизнестің жол картасы» аясында 385 млрд теңге бөлінді, 20 мыңнан астам жоба қаржылық қолдау алды, 180 мыңға жуық кәсіпкер оқудан өтті, осы бағытта «Атамекен» жақсы жұмыс атқарды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуда үлкен әлеует бар екенін атап өтіп, әр әкімнің өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына жеке жауап беруі тиіс екенін айтты.

«Атамекен» жүргізген талдауға (скринингке) сәйкес, Ақтөбе, Атырау және Түркістан облыстарының өзінде «қарапайым заттар экономикасы» өндірісіне қажетті жүздеген жаңа мүмкіндіктер бары анықталды. Тиімді жұмыс жүргізілсе, Қазақстан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп-ақ миллиардтап табыс тауып, қосымша мыңдаған жұмыс орнын аша алады», – деді Президент. 

 «Әр облыстың өз ерекшелігі бар. Оған қаражат салу керек. Бір жерде өнеркәсіп басым болса, тағы бір жерде аграрлық сала басым. Әкімдерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, скринингтің нәтижесінде әр өңірдің ерекшелігін есепке алып, жұмыс орындарын құруға бағытталған жоспар құруды тапсырамын», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Естеріңізге салсақ, «Атамекен» 2017 жылдан бастап пилоттық түрде Түркістан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында, Қостанай облысының Арқалық қаласында, сонымен қатар Атырау мен Ақтөбе облыстарында скрининг жүргізген болатын.

 Мәселен, Ақтөбе облысында жүргізілген скринингтің нәтижесінде барлық 33 ауыл округі бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің нақты тізімін құрып, сұранысқа ие тауарлар мен қызмет түрлерін өндіре алатын 500 әлеуетті бизнес-жобаны анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ  «шикізат-өндіру-сату» схемасы бойынша   «жеткізу тізбектерін» қалыптастырумен  өндірістік жүктемесі аз кәсіпорындар анықталды.

 Скрининг жүйесі қалаға да, ауылды елді мекенге де бірдей тиімді зерттеу жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Скрининг қорытындысына сүйене отырып, облыс орталықтары мен ірі қалаларда әлеуетті бизнес нысандар көрсетілген интерактивті геокарта әзірленбек.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер