astana-view

Алматы облысында кәсіпорындар жанынан 20 оқу орталығы құрылды

2019 жылғы 19 Ақпан
- Жетісу облысы
3452 просмотров

Оқу орталықтары жұмыссыздарды жұмысшы мамандықтарға оқытады

Мамандарды дайындау саласында атқарылған жұмыс нәтижесі Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-конференциясы барысында айтылды.

Спикердің айтуынша, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы 26 оқу орталығын ашуға атсалысты, оның ішінде 20 оқу орталығы кәсіпорындар жанынан құрылған.

«Былтыр кәсіпорындар жанынан 20 оқу орталығын ашуға көмек көрсеттік, онда 852 адам оқып шықты. Олардың барлығы жаңа жұмыс мамандықтарын алды. Оқып шыққандардың 72%-ы жұмысқа тұрды», – деді Нариман Әбілшайықов.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпорындар мемлекеттік бюджет есебінен өздеріне мамандарды дайындай алады. Ол үшін кәсіпорын Өңірлік кәсіпкерлер палатасына «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары тізіліміне енгізу үшін өтінім жіберіп, оқу орталығын құруы керек. 2017-2018 жылдары өңірдегі 9 оқу орталығы Жұмыспен қамту орталықтарынан жұмыссыздарды оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты алды.

Бұдан бөлек, Нариман Әбілшайықов Дуальді білім беру жол картасын жүзеге асырылуы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, бизнес, колледж және студенттердің үшжақты мүдделілігі есебінен соңғы жылдары  мамандарды дайындауда Жол картасы қатысушыларының – колледж бітірушілерінің жұмыспен қамтылу пайызы үнемі өсуде. Дуальді оқыту аясында 2017 жылы түлектер арасында жұмыспен қамтылу 71%-ды құрады, былтыр көрсеткіш – 79%-ға жетті. Білім беру басқармасының деректері бойынша түлектердің Дуальді білім беру картасынан тыс жұмысқа орналасу көрсеткіші –71,2%.

Облыстан Дуальді білім беру жол картасына барлығы  техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 2310 студенті қатысты. Облыстың 24 колледжі мен 231 кәсіпорны арасында  20 мамандық пен 10 сала бойынша  мамандарды бірлесіп оқыту туралы келісімдер жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер