astana-view

«Бастау» жобасымен берекелі кәсіп бастағандар

2019 жылғы 16 Сәуір
- Маңғыстау облысы
6616 просмотров

«Бастау» жобасының алғашқы пилоттық жобасы 2016 жылы Маңғыстау облысында жүзеге асқан-ды. Алдымен Мұнайлы ауданында, содан кейін Жаңаөзен қаласында жалғасты. Сол уақытта кәсіпкерлік негіздеріне 300 адам оқытылды. Олардың көбі жұмысcыздар мен бизнес-бастамасы бар азаматтар болды.  Бір жылдан соң өңірде «Бастау» жобасына 750 адам қатысып, 150-ден астамы жеке кәсіп ашты

Ал, 2018 жылы  «Бастау» жобасын жүзеге асыру науқаны Маңғыстау облысының 5 ауданында толықтай жүргізілді.1056 адам оқуға қатысты. Оқу нәтижесі бойынша 305 тыңдаушы қаржылық қолдау алып, кәсіпкерлікті бастады. Бұл оқып шыққан адамдардың шамамен 30%-ы. Жобалар құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда жоспарланған 520 жұмыс орыннан 312 жаңа жұмыс орны құрылды. «Бастаудың көмегімен кәсіп бастағандардың бірі – Жаңылсын Бұқарбаева былай дейді:

«Сұлулық салонын ашып, үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. «Атамекен» кәсіпкерлеп палатасының көмегімен 2 млн тг несие алып, кәсібімді бастап едім. Арманым орындалды. Енді екінші жобамды тігін шеберханасын ашуды жоспарлап отырмын».

Жеке кәсіпкер Венера Дидарова:

«6 млн теңге несие алып, 20 бас малмен шаруашылығымды қолға алдым. Мұнайлы ауданынан сүт өнімдерін шығара бастадым. «Бастау» бағдарламасына алғысымды айтамын. Үлкен мүмкіндік берді. Жастарға, кәсібін енді бастағандарғатөмен пайызбен берілген қаражат бизнес бастауға септігін тигізді», – деді.

 Ал, ауылшаруашылығын қолға алғандардың тағы біреуі Көмекбай Қойбағардың айтуынша, «Бастау» бағдарламасы арқылы білім алып, 5 млн теңге несиемен түйе шаруашылығын ашқан. Түйелерді сауып, күнделікті 35-40 литр сүт алады.

Деректерге көз жүгіртсек, ҚР Үкіметінің 2016 жыл 29 желтоқсандағы №919 Қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес «Атамекен» ҚР ҰКП екінші бағыттың қаржылай емес қолдау операторы.

«Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша жобаның мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру.  Кәсіпкерлік негіздерін оқуға қатысушылар – ауылдық елдімекендерде, аудан орталықтарында тұратын, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген/тіркелмеген жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ бизнесін кеңейткісі келетін бизнесінің тіркелгеніне 3 жылдан аспай  іс жүргізіп отырған кәсіпкерлер.

«Бастау» арқылы білім алғандарға сертификаттар табысталып, 6% жеңілдікпен несие алу құқығына ие болады.  Мұннан өзге қатысушыларға 16 759 теңге көлемінде бір реттік шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ, бизнес жобаларына 1 жыл бойы сүйемелдеу жасалады.

Биыл «Бастау» жобасы бойынша жарты жылда 500-ден астам адамды оқыту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 198 тыңдаушы бірінші лек бойынша білім алуда.

Нұрбек Қарасаев, МО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

«2019 жылы 6 айдың өзінде 550 адамды оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Әр аудан мен қалаларда оқыту курсын ұйымдастырамыз. Жаңаөзен қаласында білім беру ісі қарқынды».

2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 481 грант бөлу қарастырылған. Қайтарымсыз қаражат әрбір адамға 240-250 мың теңгеден аударылады.  Осының 200 гранты жаңаөзендік жұмыссыздардың жеке кәсібін бастауына бөлінетін болады.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер