astana-view

Ауылдағы іскер әйелдер форумы сәтті өтті

2019 жылғы 04 Мамыр
- Маңғыстау облысы
8883 просмотров

  Бүгін Қарақия ауданы Құрық ауылында «Әйел.Қоғам.Бизнес» атты іскер әйелдердің форумы өтті.

Еркін форматта өткен салтанатты шараға Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Қылаубаева, Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлыбек Жарылғапов, палатаның аудандық филиалының басшысы Аманат Махмұтов, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова, аудандық кеңес төрайымы Гүлнар Мұхамбедиева, өңірге танымал және аудандық іскер әйелдер қауымы қатысты. Олар іскерлік әлемі мен кәсіпте жеткен жетістіктерін көрсетіп, озық ойларын ортаға салды. Кәсіпкерлерге осындай мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен, форумды ұйымдастырған «Атамекен» палатасына, Іскер әйелдер кеңесіне және аудан әкімдігіне алғыс айтылды.

«Бастау» жобасы аясында ісін өрге сүйреген кәсіпкер жандар өздерінің жеке брендтерін қойып, «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС және Еуразия қоры бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі грант иегерлері мен «Бизнес 3 күнде» жобасына қатысушылар қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді. 

 Шалғай ауылдан келген 70-тен астам қыз-келіншек өзара емен-жарқын тілдесіп, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Кәсіпкерлік тұрғыдан алған тәжірибелерін ортаға салды. Шарада нәзік жанды үздік кәсіпкерлер марапатталып, алдағы жоспарларын талқылады. Зейнет жасындағы ауыл әйелдері шағын несие алып, кәсіп дөңгелетуге дайын екенін жеткізсе, ал жастар «Бастаудың» көмегімен білім алып, бизнес ашуды көздейді екен.

«Іскер әйелдердің мүмкіншілігін арттырып, көзқарасын айқындаған нәзік жандылар форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауыл әйелдерінің кәсіп ашуға деген ынтасы зор екенін байқадық. Заманауи, қазіргі қоғамға аса қажет бұйымдарды қолмен жасап, сапалы, сұранысқа ие қылып отырудың өзі үлкен жетістік», – дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрлыбек Жарылғапов.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер