astana-view

Атыраулық кәсіпкер көмекке мұқтаж жандарға арналған әлемуеттік қор ашты

2019 жылғы 14 Мамыр
- Атырау облысы
9732 просмотров

Халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері орталықтан киім-кешек пен азық-түлік ала алады

Осындай қайырымдылық ұйымын ашу идеясы жеке кәсіпкер Ақылбек Мұқановта бұрыннан болған, алайда шағын саудадан түсетін қаражат жетінкіремеді. Іскер жігітке жанашыр достары мен жақындары көмекке келіп, қаражат жинап, «Игі іске бастама» қоғамдық бірлесітігін ашуға көмектесті. Бірлестіктің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмек көрсету.

«Қоғамдық бірлестігімізді биыл наурыз айының соңында ресми тіркедік. Қазір оның құрамында 10 адам бар. Ары қарай ыңғайлы орынжай тауып, алғашқы айларға жалдау құнын төлеп қойдық. Осында жанашыр адамдардан киім-кешек, азық-түлік өнімдерін қабылдаймыз. Кейін жиналған киім мен азық-түлікті әлеуметтік осал топтағы жандарға таратамыз. Әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың тізімін «Атырау Рауан» қайырымдылық қорынан алдырттық. Адамдарға қоңырау шаламыз, осында шақырып, қажетті заттарды алуды сұраймыз. Бірақ орталығымызға тізімде жоқ адамдар да келеді, оларға да көмектесуге тырысамыз», – деді «Игі іске бастама» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ақылбек Мұқанов.  

Қазіргі таңда бірлестік екі бағытта көмек көрсетеді: ересектер мен балаларға аранлаған киім және бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін беру. Алайда, Ақылбек Мұқановтың айтуынша,  көп адам қаржылық көмекке зәру.

«Көп адам пәтердің жал құнын төлеп беруді сұрайды, сонымен қатар квота қарастырылмаған дәрі-дәрмекке, емге қаражат сұрайды. Әзірге мұндай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз жоқ. Қоғамдық бірлестік үшін арнайы шот ашып қойдық. Болашақта ұйымымыз дербес жұмыс істеуі үшін оқу оқып, мемлекеттік гранттарды алуды жоспарлап отырмыз», – деді бірлестіктің төрағасы.

Мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлікпен немесе қаржылай көмектескісі келетін азаматтар  Атырау қаласы «Үш жүз» сауда орталығы 2-қабат 51-бутикте орналасқан «Игі іске бастама» қоғамдық ұйымына хабарласа алады. Азық-түлік, киімді қабылдау мен беру сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жалғасады. Демалыс күндері: дүйсенбі, сейсенбі. Көмек алу үшін жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, мүгедектік болса – растайтын құжаттар және тұрғылықты мекенжай анықтамасы қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер