astana-view

«Бастау» жобасы бойынша тыңдаушылардың екінші легі оқып шықты

2019 жылғы 31 Мамыр
- Маңғыстау облысы
4291 просмотров

Маңғыстау облысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен жұмыссыздар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың екінші кезеңі аяқталды

Мәселен, Мұнайлы ауданында  оқуға ауданның 7 ауылдық округінен 60 өтініш қабылданып, оқу барысында қатысушылардың әлеуеті мен кәсіпкерлікке икемділігі анықталды. Солардың ішінен 25 қатысушы іріктеліп, оның 18-і өз жобаларын сәтті қорғап шықты. Бұл қатысушылар енді «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту» бағдарламасы аясындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 6%, «Атамекен» микро қаржы ұйымының 4% мөлшердегі несиеге қол жеткізе алады.

 Сонымен қатар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес-жобалар іске қосылған кезден бастап 12  ай ішінде оларды сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. «Маусымның 7 күні басталатын «Бастау» оқуының соңғы үшінші кезеңінің қатысушыларының тізімдері жинақталып, келесі топ оқуға дайын тұр. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға екі күндік «Бизнес-Кеңесші» оқуы енді онлайн түрде өтетін болды», – дейді Мұнайлы аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мадина Жанжігітова.

Сондай-ақ, Маңғыстау ауданында да «Бастаудың» екінші легі оқып шықты. Ауданның Ақшымырау, Қызан, Сай-өтес сынды шалғай ауылдарынан өтініш білдіргендер көп болды. Дәріс алуға 35 адам қатысты. Соның 23-і өз бизнес жобаларын қорғап шықты. Тыңдаушылар ұсынған жобаларда жылыжай өсіру, жартылай дайын тамақ өндірісі секілді кәсіп түрлері жиі кездеседі. Бұл ауыл халқының бүгінгі күнде сұранысқа ие азықты өндіруге деген ұмтылыстың артқанын көрсетеді.

Тыңдаушылардың 10-нан астамы «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алуды көздеп отыр. Көп балалы, мүгедек бүлдіршіндерді бағып-қағатын аналар мен жалғызбасты аналар 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін өркендетуді жоспарлайды.

Ал, Қарақия ауданында осы жобамен 36 тыңдаушы дәріс алып шықты. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысуды көздесе, кейбірі тігін, медицина кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр. Айту Базарованың айтуынша, өз мамандығы мейірбике болғандықтан, болашақта жеке меншік егу кабинетін ашуды мақсат тұтады. Бұл оқу курсы оған кәсіп бастау, табыс көзін табу, қаражатты тиімді жұмсау сияқты әдістерді үйреткен.

Жетібай ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Дәмегүл Дауышбаева ет өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Тыңдаушылардың ішінде 7 адамның бірі болып қайтарымсыз грант ұтуды басты мақсатына айналдырған. Бұл- мүжәлсіз отбасыларға арналған қайтарымсыз қаражат, – дейді ол.

Мұның бәрі ауыл тұрғындарының пайдалы кәсіп көзін ашып, бизнесті өркендетуге деген ынтасының күн санап артып келе жатқанын көрсетеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер