astana-view

Туризм әлеуетін дамыту – басымдыққа ие міндет

2019 жылғы 03 Маусым
- Маңғыстау облысы
8674 просмотров

Маңғыстау облысында туризмді қалай дамытуға болады? Осы сұраққа жауапты Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен дөңгелек үстел барысында табуға тырысты

Каспий теңізі мен шөлейтті аймақ үйлесім тапқан, сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлер мен қайталанбас нысандарды барынша мол шоғырланған Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай деген атауға ие. Сондықтан да бұл өлкенің туристік әлеуеті жоғары. «Kazakh Turism» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Өркен Бисақаевтың айтуынша, Маңғыстау – Қазақстанның туристік аймағы саналатын үздік ондыққа енген.

«Ақтау қаласы мен Құрық паром кешені аралығын қамтитын аумақтағы туризмді дамытуға республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінді. Жағажай демалысын дамыту басты назарда. Оған осындағы инфрақұрылым жасақталып, Ақтау мен «Алау» лагері жолдары жөнделетін болады», – деді Өркен Бисақаев.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Маңғыстау туризмін дамыту үшін алдымен туристерді күтіп алу талаптарын жетілдіру қажеттігін алға тартты.

«Туристерді күтіп алуда әуежай мен теміржол вокзалының дайындығы қандай? Көлік жолдарынан Ақтау-Атырау тас жолының сапасы жоғары екенін көрдік. Ал, жолдарда туристерге сервистік қызмет көрсету деңгейін лайық деп айта алмаймыз. Саяхатшыларды қарапайым шайханамен емес, қызықты, тың жобалармен тартуды ойластыру керек. «Жобалық алқа» жобасы осы жайттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Олжас Ордабаев.

Дөңгелек үстелде туристік айтақтарға халықты тарту үшін ішкі әуе қатынастарын оңтайландыру ұсынылды. Мектеп демалысы маусымында балалар билеттерін субсидиялау, бір ересек адамға екі баланы тегін алып жүру жағдайын қарастыру турасында пікір айтылды. Сонда отбасы бюджеті 30 пайызға үнемделіп, халық шетелге емес, отандық туристік жерлерге ынта білдіреді екен.  Тур полиция қызметін құру, авто керуен, медициналық туризм, балалар туризмі т.б дамыту уақыт еншісінде. Мұның бәрі Қазақстанды туристік тартымдылығы бар 50 елдің қатарына қосу міндетін жүзеге асыруға көмектеспек.

 Ішкі рейстерді субсидиялауға қатысты ұсынысты Ақтау халықаралық әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов қолдады.

 «Иран мен Түркіменстан сияқты көршілес елдерге рейс аша алмай отырмыз. Ниет білдірген компанияларға рұқсат берілмеді. Көрші Әзірбайжанда бұл мәселе жоқ. Ирандық туристер Бакуде визасыз жүр. Бакуге туристер ағылады. Қосымша рейстер ұйымдастырып жатамыз. Бізге неге сондай жағдай жасамасқа? Туристерді тіркеу әуежай ғимаратында болуы керек, олар көп уақытын құжаттармен әуре-сарсаңға жұмсамауы тиіс. Ішкі рейстерді субсидиялау жеделдетіп қолға алынса. Жаз мезгілінде Атыраудан күніне 4 рейс жасалады. Осындай сұраныс еліміздің барлық аймағынан, жақын шетелдерден де түсеріне сенім мол».

Басқосуда айтылған барлық ұсыныстар «Атамекен» ҰКП басшылығымен талқыланып, Үкіметке жолданатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер