astana-view

Нұр-Сұлтан қаласының үздік тауарлары анықталды

2019 жылғы 13 Шілде
- Астана қаласы
14258 просмотров

Елордада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті

Өңірлік кезеңде сараптау комиссиясы қалада өндірілетін үздік тауарлар үштігін таңдады. Олар келесі аталымдар бойынша анықталды:

  • «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
  • «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
  • «Үздік азық-түлік тауарлары».

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары жыл сайынғы байқаудың отандық тауар, жұмыс, қызметті дамыту жолында маңыздылығын атап өтті.

«Өз қолымен бизнесті дөңгелетіп жүрген адамдарды көру ғанибет. Бұл өте маңызды, өйткені қаламыз да бірге дамып, жылдан жылға жаңа перспективалар ашылуда. Елорда басшылығы тауарөндірушілеріміздің деңгейін көтеруге   барынша көңіл бөліп келеді әрі осы үрдісті жалғастыра бермек. Осы іс-шараға қатысқан кәсіпкерлерді, ұйымдастырушыларды және қала тұрғындарына алғыс білдіремін. Қала әкімдігінің атынан жеңімпаздарды құттықтап, істеріне табыс тілеймін!», – деді Бақтияр Мәкен.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы Алмат Жүнісов биыл көрме-байқауға қатысуда рекорддық көрсеткіш орын алғанын айтты.

 «Бүгінгі көрме-байқауға елорданың алуан түрлі өнімдер өндіретін 100-ден астам компаниясы қатысуда. Байқауға телекоммуникация құрылғыларын, автокөлік және вагон таразысын өндірушілерден бастап, құрғақ құрылыс қоспасын жасаушылар, шаруа қожалықтары ұсынған ірімшік өндірісі, тіс пастасы, балалар киімін тігушілер мен ойыншық жасайтын компаниялар, жартылай дайын өнімдер мен кондитерлік тағам жасаушылар  қатысып, үздік атану үшін барын салуда. Мұндай игі шараны елорда әкімдігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Байқаудан үздік шыққан жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, республикалық сайысқа жолдама алатын болады. Ал республикалық деңгейге шығу қатысушыларға өз өнімін бүкіл Қазақстанға жарнамалауға мүмкіндік береді.Оған қоса, көрме-байқау дипломанттары байқау белгісін 4 жыл бойы жарнамалау мақсатында қолдануға құқық алады. Барлық қатысушыларға табыс тілейміз», – деді ашылу барысында Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

Жеңімпаздарға сыйлықтарды Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Сүлейменов, Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева және Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев табыс етті.

 Осылайша, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша қаладағы бетон өндірушілер арасында үздіктердің бірі саналатын «Пенетрон-Казахстан» ЖШС, химиялық және арнайы сорғыларды дайындайтын «Целингидромаш» ЖШС, Осы аталым бойынша «Эколос Казахстан» компаниялар тобына кіретін ВЭЛС пен «Инженерлік құрал-жабдықтар зауыты» ЖШС жеңіске жетті.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында:

Нәски, трикотаж бұйымдары, орамал өнімдері, арнайы киім, әскери формалар, өрт сөндірушілер және металл фрнитурасын шығарушы  «DANMARD» ЖШС,  түйе жүнінен көрпе-жастық тігетін «Қазақ оюлары» компаниясы және желілік, телекоммуникациялық жабдық шығаратын «Digital Sistems Servis» ЖШС жеңіске жетті.

«Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында: 

Ірі қымыз өндіруші «Kazakh house» жеке кәсіпкерлігі, тұшпара мен манты әзірлейтін, елордада танымал бренд ««Alay Food» және «Вода Хрустальная» сауда маркасымен «Golden Rill Trade» ЖШС жеңіске жетті.

Жеңімпаздар дипломдар алып, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысуға жолдама алды. Осы деңгейдегі жеңіс компанияға өз өнімін бүкіл республикаға жариялауға мүмкіндік береді. Байқау дипломанттары байқау белгісін жарнамалық мақсатта 4 жыл бойы пайдалану құқығын иеленеді.

Естеріңізге салсақ,  Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Атамекен» ҰКП мен өңірлік Кәсіпкерлер палаталары «Қазақстанның үздік тауарлары» көрме-байқауының ұйымдастырушылары болып бекітілгенін қаперлеріңізге саламыз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер