astana-view

Қазақстанның индустриялық саясатындағы жаңа басымдықтар «Атамекенде» талқыланды

2019 жылғы 08 Тамыз
6678 просмотров

«Атамекен» алаңында Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жобасының шеңберінде басымдық берілген тауарларды анықтау әдістемесі талқыланды

ҚР 2020-2025 жылдарға индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жобасына сәйкес Қазақстан екі бағыт: импортты алмастыру және экспорт бойынша дамуды көздейді.

«QazIndustry» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов әдістемеге қатысты түсіндіріп өтті.

«Қазақстанда басымдыққа ие тауарларды анықтауға талдау жүргізу әдістемесі әзірге жоқ. Көрсетілген әдістеме «Российский экспортный центр» АҚ моделін қолданумен экспортты тауарлар талдауына негізделген, оған сәйкес тауарлар шикізатты және шикізатты емес бағыттарға бөлінген, әр бағыт сәйкес шектерде  энергетикалық және энергетикалық емес тауарларда көрсетілген», – деді Тұрар Жолмағамбетов.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эдуард Квятковский отандық экономиканың ерекшеліктерін ескермейтін Ресей әдістемесіне толықтай сүйену дұрыс емес деп айтты.

«Біз бағдар жасау мақсатында өз әдістерімізді анықтау үшін жиналдық. Сіздер талдауда Ресей әдістемесіне сілтеме жасап отырсыздар. Бөтен әдістемені алып, оны жай ғана Қазақстанға  қолдану дұрыс шешім емес. Біз еліміз үшін басымыдыққа ие салаларға назар аударуымыз керек», – деді Эдуард Квятковский.

 «QazIndustry» АҚ деректері бойынша  басымдыққа ие 4241 тауар  өңдеу өнеркәсібінің 16 саласынан анықталды:

  1. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі;
  2. Сусындар өндірісі;
  3. Темекі өнімдері өндірісі;
  4. Жеңіл өнеркәсібі;
  5. Ағаш өңдеу өнеркәсібі;
  6. Қағаз өнеркәсібі;
  7. Баспа формаларын дайындау;
  8. Химия өнеркәсібі;
  9. Фармацевтикалық өнеркәсібі;
  10.  Резіңке және пластмасса өнімдерін өндіру;
  11. Құрылыс материалдары;
  12.  Металлургия өнеркәсібі;
  13. Металл бұйымдары (металл өңдеу);
  14. Машина жасау;
  15. Жиһаз өнеркәсібі;
  16. Басқа дайын өнімдерді өндіру.

  «QazIndustry» АҚ Басқарма Төрағасы Әлишер Әбдіқадыровтың айтуынша, экспортқа арналған басымдыққа ие тауарлардың анықталған тізбесі мемлекеттік қолдау шаралармен нүктелі ынталандырудың заманауи трендінің талаптарына, сондай-ақ толық салаларды қолдаудан кету талаптарына толығымен сәйкес келеді.

 «Мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру шикізатты бағыттағы тауарларға емес, жоғары технологиялық тауарларға көрсетіледі», – деді Әлишер Әбдіқадыров.

Осы ретте бизнес-қоғамдастықтың өкілдері басымдыққа ие тауарлар тізбесі және іріктеу әдістемесіне қатысты алаңдаушылықты білдірді.

 «Қазір біз өзімізге басымдыққа ие тауарларды таңдап алдық және барлығын 3 халықаралық әдістеме негізінде осы топқа келтіруге тырысып жатырмыз. Бізге түбейгейлі басқа тәсіл керек деп ойлаймын. Экспорттан қандай нәтиже алғымыз келетінін түсінуіміз керек. Критерийлер шығарып, олардың негізінде әдістемені әзірлеу керек. Сонда келесі кезекте басымдыққа ие тауарларды таңдау оңай болады», – деді «ҚазАвтоПром» Басқарма Төрағасы Серік Рахимов.

 Әріптесін Стартегиялық бастамалар орталығының директоры Бақытжан Саркеев қолдады.

 «Өнеркәсіптік өндірісті дамытуда сапалы серпіліс жасау үшін  экспорттық әлеует және импортты алмастырумен қамтылатын 5-20 тауардан тұратын тізбекке назар аудару керек. Өйткен бағдарлама шеңберінде қаржылай қаражат шектеулі», – деді Бақытжан Саркеев.

 Сонымен қатар белгілі бір «сүзгілердің» болуы жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов айтты.

 «Әдістеме шет елдердегі кешенді кедергілерді, олардың нарықтарындағы негізгі трендтерді  ескермейді. Әлеуетті экспорттық тауарлар тізбесін анықтауға болады, бірақ отандық тауарлардың халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келмеуі салдарынан сыртқы нарықтарға шыға алмайсың. Қазіргі таңда отандық тауралдардың халықаралық талаптарға сәйкес келуіне талдау жоқ», – деді Талғат Доскенов.

 Пікірталасты қорытындылай келе, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Төрағасының кеңесшісі Юлия Якупбаева басымдық берілген тауарларды іріктеудің аудиторияға түсінікті матрицасын әзірлеу қажеттігін айтты.

«Ары қарай айтарлықтай ауқымды аудиторияға түсіндіру үшін бізге тауарлардың түсінікті матрицасын жасау керек. Біріншіден, бүгінде экспорттан Қазақстан экономикасына айтарлықтай көбірек табыс әкелетін тауарларды белгілеу керек. Олардың өткізу нарықтары жолға қойылған, онда Қытай немесе Ресей ғана емес, Еуропа да, АҚШ-та бар. Аталған нишаларда бүгінде біз бәсекеге қабілеттіміз, және бұл тауарлар отандық жалпы ішкі өнім үшін маңызды. Екіншіден, экономика үшін келешекті өсіп жатқан нарықтарды көрсету. Үшіншіден, перспективасы бар, бірақ осал позициялар, даму үшін қолайлы – біз жаңдандырғымыз келетін жаңа немесе ескі салалар. Төртіншіден, ары қарай экспортқа шыға алатын импортты алмастыруда әлеуеті бар бағыттар. Осылайша матрицаны құру арқылы экономикалық мақсаттылық және қолдау шараларын, қажетті қаржылық қаражатты бөлу басымдығы түсінікті болады», – деп атап өтті Юлия Якупбаева. 

Естеріңізге салсақ, ҚР 2020-2025 жылдарға индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы 3.0 – өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша үшінші мемлекеттік бағдарлама. Онда кәсіпорындардың 4 тобына назар аударылған: «Жаңа индустриялық ойыншылар»; «Мықты шеп»; «Өсу драйверлері»; «Салмақты орталықтар». Осы ретте қолдау шаралары әр топқа белгіленеді.

 9 тамызда «Атамекен» алаңында экспортты дамыту және ілгерілету, сонымен қатар ЕАЭО және ДСҰ-ның сауда-өнеркәсіптік және интеграциялық саясатын талқылау жөнінде жиын өтеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер